A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 15:15 0

Өскеменде «көлеңкелі» тұрғын үй нарығы екі есеге қысқарды

Бүгін / Өскемен

Шаһарда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың «көлеңкелі» нарығы бір жылда екі есеге жуық қысқарды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Биыл тамыздағы жағдай бойынша мұндай нысандардың үлесі 31,3%, ал өткен жылы аталған көрсеткіш 64,3% болған.
Бұл туралы Қазақстанның тұрғын үй компаниясы (ҚТК) жүргізген зерттеуде белгілі болды. Компания елдің 21 қаласында салынып жатқан 636 тұрғын үй нысанына талдау жасаған. Зерттеу барысында тұрғын үй кешендерінің ашық интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілердегі жарнамалары зерделеніп, әр нысан бойынша жиналған мәліметтер «Қазреестр» бірыңғай цифрлық жүйесіндегі ақпаратпен салыстырылған.
Зерттеу қорытындысында, Өскемендегі «көлеңкелі» нарық үлесі 64,3%-дан 31,3%-ға дейін төмендеген. Яғни бір жыл ішінде көрсеткіш 33 пайызға азайды. Бұл көрсеткіш Өскеменді «көлеңкелі» нарық айтарлықтай қысқарған қалалар қатарына қосады. Салыстыру үшін бірнеше қаланы мысал етейік. Астанада үлес 50,2%-дан 20,2%-ға, Шымкентте 36,9%-дан 15,1%-ға, Алматыда 64,9%-дан 48,3%-ға дейін төмендеген.
Жалпы Қазақстан бойынша да оң динамика байқалады. Биыл «көлеңкелі» нарық үлесі 41,2%-ды көрсетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 62,5% болған. Зерттеуге сәйкес, заңды нарықтағы нысандар саны 227-ден 374-ке дейін өссе, «көлеңкелі» нарықтағы нысандар саны 378-ден 262-ге дейін азайды.
Сонымен қатар кейбір өңірде жағдай өзгеріссіз қалған. Петропавл, Түркістан, Тараз, Талдықорған, Орал және Павлодар қалаларында «көлеңкелі» нарық үлесі 100% деңгейінде сақталып отыр. Ал көрсеткіш керісінше, өскен жалғыз қала – Қостанай. Мұнда «көлеңкелі» нарық үлесі 65%-дан 88,9%-ға дейін артқан.

Фото: dauletten.kz

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив