Бүгін Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен жиында құрылыс заңнамасын бұзу бойынша 284 әкімшілік іс қаралғаны айтылды. Нәтижесінде заң бұзушыларға барлығы 89 млн теңге айыппұл салынған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыс бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Самат Қайырдиновтың сөзінше, жыл басталғалы басқармаға 2036 шағым түскен.
– Оның ішінде жеке және заңды тұлғалардың 1 311 өтініші қабылданды. 1 182 өтініш қаралды, 129 өтініш қазір қарастырылуда. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау туралы 527 хабарлама және нысандарды пайдалануға қабылдау жөніндегі 3 049 акт қаралды. Жалпы жыл басынан бері 103 мемлекеттік қызмет көрсетілді, – деді ол.
Анықталғандай, тексеру кезінде ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы заңнамасын бұзу фактілері бойынша 284 әкімшілік іс жүргізіліп, 133 лицензияның қолданылуы 6 ай мерзімге тоқтатылды.
– Одан бөлек, 9 лицензияның қолданылуы да тоқтатылды. Анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы 133 нұсқама беріліп, 12 нысан бұзылды. Қазір Өскеменде коммерциялық көппәтерлі тұрғын үй құрылысы белсенді жүргізілуде. Атап айтсақ, 34 тұрғын үй кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр, – деді Самат Қайырдинов.
Белгілі болғандай, нысандардың арнайы рейтингісі жоқ. Басқарма мамандары тұрғындар шағымы мен тапсырмаға сәйкес тексеру жүргізеді.
Айта кету керек, биыл 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі күшіне енді. Жаңа кодексте құрылыс саласын мемлекеттік реттеуді жетілдіруге бағытталған бірқатар жаңа нормалар қарастырылған.
Пікірлер