Еңбек шарты жұмысқа кіріспес бұрын тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын негізгі құжат саналады. Оны рәсімдеу кезінде қандай талаптарға назар аудару қажет? Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысының орынбасары Мұрат Шәкенов түсіндірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 21-бабына сәйкес, заңнамада өзгеше көзделмесе, еңбек қатынастары еңбек шарты негізінде туындайды.
— Ал құжаттың мазмұнына қойылатын талаптар Еңбек кодексінің 28-бабында белгіленген. Онда қызметкердің атқаратын жұмысы мен лауазымы, жұмыс орны, шарттың мерзімі және жұмысқа кірісетін күні көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар жұмыс және тынығу уақытының режимі, еңбекақы мөлшері мен оны төлеу тәртібі де алдын ала жазылады. Бұл қызметкерге жұмысқа кіріспей тұрып еңбек жағдайымен танысуға мүмкіндік береді, — деді ведомство өкілі.
Бұдан бөлек Мұрат Шәкенов еңбек шартында қызметкердің заңмен бекітілген құқықтарын шектейтін талаптар болмауға тиіс екенін атап өтті. Еңбек кодексінің 10-бабына сәйкес, шартта қызметкердің жағдайын еңбек заңнамасында белгіленген деңгейден төмендететін ережелер қарастырылмауы керек.
Ал зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға заңнамада көзделген кепілдіктер мен өтемақылар беріледі.
Пікірлер