451.87 507.31 5.53
A+ A A-

Өскеменде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері талқыланып жатыр

Өскеменде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері талқыланып жатыр [xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]

Өңірде әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, кәсіпкерлікті дамыту және жасанды интеллект дәуіріндегі жаңа кәсіби мүмкіндіктерді талқылауға арналған республикалық семинар өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен, облыс әкімдігі қолдауымен ұйымдастырылды. 
Жиын барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов нәзік жандылардың экономикалық белсенділігін арттырып, кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың маңыздылығына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында экономиканы технологиялық жаңғырту, шағын және орта бизнесті қолдау, цифрлық экономиканы дамыту жөнінде нақты міндеттер қойды. Оны жүзеге асыруда әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыру, кәсіпкерлік бастамаларын қолдау және кәсіби әлеуетін дамыту ерекше маңызға ие. Өйткені әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасын өркендетуге ықпал етеді, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ ол Шығыс Қазақстанда қолөнер, ұлттық тағам өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және басқа да кәсіпкерлік бағыттарды дамытуға мүмкіндік мол екенін атап өтті. Әсіресе ауылдардағы әйелдер үшін заманауи технологияларды меңгерудің маңызы зор. Себебі цифрлық құралдар арқылы кәсіпкерлер өз өнімдерін жергілікті нарықта ғана емес, елдің өзге өңірлеріне және шетелге де ұсына алады.
Ал ҚР Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова кездесудің Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталғанын айтты.
– 28 қазанда Президент Жолдауында екі басым бағыт бойынша бастамалар көтерілді. Олар жалпы халықтық құрылыс идеясы мен жалпы халықтық цифрлық экономика. Бүгінгі жиынның мақсаты сол, жолдауда айтылған міндеттерді нақты тәжірибеге айналдыру. Бұл ретте әйелдер көшбасшылығы мен әйел кәсіпкерлердің рөлі ерекше. Форумға Қазақстанның түкпір-түкпірінен кәсіпкерлер қатысып отыр. Бұл жай талқылау алаңы емес. Мұнда көтерілген бастамаларды қалай жүзеге асыру керектігі және ортақ жауапкершілігіміз қандай болуы тиіс деген мәселелерге жауап іздейміз, – деді Лаура Қарабасова.
Сонымен қатар Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Муслин Хасенов цифрлық кезең әйелдердің қоғамдағы және экономикадағы мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашқанын жеткізді.
– Қазір әйелдердің қоғамдағы рөлі айқындала түсті. Бұған цифрлық кезеңнің де әсері бар. Әйелдер отбасылық өмірмен қатар, экономикалық салада да белсенді болып, кәсіпкерлікпен айналыса алатынын көрсетіп отыр. Бүгінде әйелдердің кәсіпкерлігі мен атқарып жатқан еңбегі бағаланып жатыр, – деді ол.
Өз кезегінде «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Гүлнара Бижанова Қазақстанда бір миллионнан астам әйел кәсіпкерлікпен айналысатынын атап өтті.
– Әйелдердің өз кәсібін жүргізе отырып, заманауи технологияларды пайдалана алуы маңызды. Осыған байланысты «Атамекен» кәсіпкерлерге нақты қолдау шараларын ұсынып келеді. Соның бірі – тегін ақпараттық-консультациялық көмек. 2023–2025 жылдар аралығында 400-ден астам маманға кеңес берілді, – деді Гүлнара Бижанова.
Семинар аясында қатысушылар әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, цифрлық технологияларды бизнеске енгізу және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.

Мақаламен бөлісу:
Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив