13 қараша күні Алтай ауданы әкімдігінің «Тілдерді оқыту орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Инновациялық лингвистика: тіл орталығындағы жасанды интеллект серпіні» атты облыстық семинар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мерейтойлық X құрылтайында мемлекеттік тілді дамытуға қатысты жүктеген міндеттері аясында ұйымдастырылған іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының тіл саласындағы мамандары қатысты. Кездесуде тіл оқыту жүйесіндегі өзекті мәселелер, заманауи технологияларды білім беру үдерісіне енгізу және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жолдары талқыланды.
Алдымен Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының директоры Әсемгүл Абзалова сөз сөйлеп, семинар жұмысына сәттілік тіледі. Ол тіл үйренуге деген қызығушылықты арттыру және оқыту сапасын жетілдіру бағытындағы жұмыстардың маңызына тоқталды.
Семинар барысында қатысушылар тіл үйретуде қолданылатын инновациялық әдіс-тәсілдермен танысып, жасанды интеллект негізіндегі цифрлық құралдардың мүмкіндіктерін ортаға салды. Сонымен қатар қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, жаңа технологияларды күнделікті сабаққа енгізудің тиімді жолдарын талқылады. Мұндай кездесулер тіл мамандарының кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, өңірдегі тілдерді оқыту жұмысының сапасын жақсартуға да мүмкіндік береді.
Алтай ауданы әкімдігінің «Тілдерді оқыту орталығы» КММ директоры Гүлжази Рамазанованың айтуынша, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту – ортақ міндет. Ал оны заман талабына сай оқыту – тіл мамандарының кәсіби жауапкершілігі.
– Үш тілде ұйымдастырылған мазмұнды семинар жоғары деңгейде өтті. Осындай маңызды бастамалар арқылы тілдер арасындағы сабақтастықты нығайтып, кәсіби тәжірибе алмасуға жол ашылады. Бүгінде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды тиімді пайдалану тіл үйретудің жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырып отыр, – деді Гүлжази Рамазанова.
Семинар соңында Алтай ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Данияр Елубаев қатысушыларға сертификаттар табыстады.
Пікірлер