Сот істі қайта қарап, алаяқтық жасаған төрт адам бес жылға бас бостандығынан айырылды. Ал ұрлыққа қатысы бар екі адамға шартты жаза тағайындалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Еске салайық, осыдан сегіз жыл бұрын облыс тұрғыны Нұржан Елубаев (аты-жөні өзгертілген) денсаулығының нашарлауына байланысты құны 80 миллион теңге болатын кәсібін сатпақшы болған. Алайда алаяқтарға алданып, ақырында шаруашылығынан айырылды.
Аталған іс бойынша тергеу 2019 жылы басталғанымен, бірнеше рет тоқтатылған. Іс сотқа тек 2025 жылдың маусымында жетті.
Сонда Алтай аудандық соты алты айыпталушының барлығын кінәлі деп таныған. Бірақ сол жылдың наурыз айында ұрлыққа қатысы бар дегендер апелляциялық шағым түсіріп, сот оларды ақтап шықты. Кейін марал өсіру шаруашылығына қатысты алаяқтық пен тракторларды ұрлау дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс кассациялық сатыға дейін жетті.
Алайда жәбірленушілер Нұржан Елубаев пен жұбайы бұл шешіммен келіспеген. Бас прокуратура да сот шешіміне наразылық білдірді. Прокуратура мәліметінше, апелляциялық сатыдағы сот Қылмыстық-процестік кодекс нормаларын дұрыс қолданбаған. Сондай-ақ шағымда жазбаша келісімшарттың болуы алаяқтық белгілерін өздігінен жоққа шығармайтыны да көрсетілген. Арада жылдар өтіп, істі қараған қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот материалдарды ШҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына басқа құрамда қайта қарауға жіберген. Содан 17 қараша күні, яғни кеше сот айыптау үкімін шығарды.
Пікірлер