«Қазцинк» бастауыш партия ұйымында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіруге арналған кездесу өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Атап айтқанда, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру, отандық өндірісті дамыту, жасанды интеллект технологияларын енгізу және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі міндеттерге ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, 2027 жылды «Жалпыұлттық ұлы құрылыс жылы» деп жариялау бастамасы аясында жолдарды, инженерлік желілерді, тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту мәселелері сөз болды. Көлік-логистика әлеуетін дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру бағыттары да түсіндірілді.
Кездесу барысында Нұрлан Өмірбеков Жолдауда белгіленген міндеттердің өнеркәсіптік өңірлер үшін маңыздылығына тоқталды.
– Шығыс Қазақстан үшін өндірісті жаңғырту, энергетика саласын дамыту және заманауи технологияларды енгізу аса маңызды. Өнеркәсіптік әлеуетімізді сақтап қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтеруіміз қажет. Президент белгілеген міндеттерді жүзеге асыру өңір экономикасының нығаюына, отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Нұрлан Өмірбеков.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттарды жүзеге асыруда өндіріс орындары мен еңбек ұжымдарының рөлі ерекше екені атап өтілді.
Пікірлер