Катонқарағай ауданында «Шығыс Жылу» мекемесінің қызметкерлерімен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылауға арналған кездесу өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кездесуге «Әділет» партиясының өкілдері қатысып, Президент Жолдауында айқындалған ел дамуының негізгі міндеттері мен стратегиялық басымдықтарына тоқталды.
Атап айтқанда, экономиканы дамыту, отандық өндірісті қолдау, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу мәселелері кеңінен түсіндірілді.
«Әділет» партиясының Катонқарағай аудандық филиалының төрағасы Гүлжан Төлегенқызы өз сөзінде Жолдауда көтерілген міндеттердің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңыздылығына тоқталды.
– Мемлекет басшысының Жолдауында елдің тұрақты дамуына негіз болатын маңызды міндеттер белгіленді. Әсіресе энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру мәселелері ерекше назар аударуды қажет етеді. Бұл бағыттар Катонқарағай ауданы үшін де өзекті. Себебі сапалы коммуналдық қызмет пен жылумен үздіксіз қамтамасыз ету – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды мәселелер. Сондықтан Жолдауда белгіленген міндеттердің орындалуына әрбір сала өкілі өз үлесін қосуы қажет, – деді Гүлжан Төлегенқызы.
Кездесу барысында жылу-энергетика саласының тұрақты жұмысы, инфрақұрылым нысандарын жаңғырту және энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері де қозғалды. Жиын соңында мекеме қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Партия өкілдері Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді түсіндіру және тұрғындармен кері байланысты нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.
Пікірлер