Зайсан аудандық «Әділет» партиясы филиалының төрағасы Болатбек Балғабаев аудандық мәдениет үйінің қызметкерлерімен кездесіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кездесу барысында Жолдауда белгіленген ел дамуының басымдықтары, әсіресе кәсіпкерлікті қолдау және экономиканы нығайтуға бағытталған бастамалар кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, жаңа жұмыс орындарын ашу, адал еңбекті дәріптеу, еңбек адамының мәртебесін арттыру және «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Болатбек Балғабаев өз сөзінде кәсіпкерлікті дамыту мен еңбек адамына қолдау көрсетудің аудан үшін маңыздылығын атап өтті.
– Мемлекет басшысының Жолдауында экономиканың тұрақты дамуына, кәсіпкерлікті қолдауға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды міндеттер белгіленді. Шағын және орта бизнестің дамуы – жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халық табысының өсуіне және ауыл-аймақтың әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар адал еңбек пен еңбек адамына құрмет көрсету қоғамдағы маңызды құндылықтардың бірі болуы тиіс. Осы бастамаларды жүзеге асыруға әрбір азамат пен әр сала өкілі өз үлесін қосуы қажет, – деді Болатбек Балғабаев.
Кездесу барысында мәдениет үйінің қызметкерлері де өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, пікірлерін білдірді. Қатысушылар Жолдауда көтерілген бастамалардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңыздылығын атап өтті. Мұндай кездесулер Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді түсіндіруге, қоғам өкілдерімен ашық диалог орнатуға және тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдауға бағытталған.
Пікірлер