Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының және Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының бастамасымен «Тіл және тәуелсіздік - егіз ұғым» сайысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тәуелсіздік күні қарсаңында қолға алынған шараның мақсаты - “Қазақстан Республикасындағы тіл туралы” Заңды, тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру, қызметкерлердің тіл мәдениетін жетілдіру, моральдық және материалдық тұрғыдан көтермелеу, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау.
Сайысқа қатысушы әр топ 3 адамнан құралған. Оларға мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру шеңберінде бірнеше тапсырмалар берілді. Барлығына бірдей талап - ұлттық дресс-кодты сақтау. «Терминдер әлемі» алғашқы кезеңінде әр топқа орыс тіліндегі терминдер тізімі жазылған парақша ұсынылды. Топ мүшелері көрсетілген терминдердің қазақша баламаларын табуы тиіс. Екінші кезеңде тұрақты сөз тіркестерін пайдаланып, «Тіл және тәуелсіздік егіз ұғым» атты әңгіме құрау жүктелді. Ол үшін 10 мин уақыт берілді. Келесі кезеңде ұсынылған мәтінді латын әліпбиі бойынша жазу керек. Ал шешуші «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз!» кезеңінде қатысушылар экранда көрсетілген сурет арқылы белгілі қазақстандық әндерді табуы тиіс. Бұл сайыста қатысушы топтың мемлекеттік тілдегі әндерді қаншалықты жақсы білетіні бағаланды.
Тіл жанашырларынан құралған әділ-қазы алқасына топтарды бағалау қиынға соқты. Себебі әрқайсы тыңғылықты дайындықпен келген. Осылайша, үшінш орынға мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының өкілдері лайық деп танылды. Екінші орынды ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің ШҚО бойынша департаменті, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті, ҚР Бас Прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ШҚО бойынша департаменті қанжығаларына байлады. Ал бас жүлдені ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының ШҚО оңалту орталығының мамандары жеңіп алды.
Жүлдегерлер мен жеңімпаздар ШҚО Мәдениет басқармасы атынан диплом және сыйлықтармен марапатталды.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер