A+ A A-

talgatzhan 33 13-12-2024, 20:30 0

Өскеменде Глубокое ауданының мәдени күндері басталды

Бүгін / Глубокое

Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Глубокое ауданының гала концерті өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мәдени шараға облыс әкімі Ермек Көшербаев келді. Ол филармония фойесінде ұсынылған қолөнер, сурет туындыларымен танысып, спортшылармен жеке тілдесті. Сондай-ақ олардың жеткен жетістіктеріне шолу жасалды. Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тумашиновтың айтуынша, аудан өнерпаздары жан-жақты дайындалып келді.

- Биыл Глубокое ауданының құрылғанына 60 жыл толды. Осындай ауқымды шараның мерейтоймен қатар келгені үшін қуаныштымыз. Бүгінгі гала концертке барлық ауылдық округтің әнші-бишілері қатысып жатыр. Ал ертеңгі жәрмеңкеде ауданымызда шығарылатын өнім түрлерін сатылымға шығарамыз, - деді ол.

Концерттік бағдарламаның нөмірлері әр алуан. Зал ішіндегі халық қарасы мол. Күміс көмей әншілер мен мың бұралған бишілер көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ шараға ауданнан түлеп ұшқан азаматтар да келді. Олардың қатарында талантты әнші Әділет Әділбаев та бар. Ол Глубокое ауданында музыкалық білім алып, өнер жолын Астанада жалғастыруда.

Кештің көркін Қазақстанның халық әртісі, халықаралық конкурстардың лауреаты Роза Рымбаеаа өз әнімен қыздыра түсті. Бар қазаққа танымал әртіс сахна төрінде «Болашақ үні», «Желаю тебе», «Ертеңіме сенемін», «Қазақ елі» сынды әндерін шырқап, жерлестерінің қошеметіне ие болды.

Концерт соңында өскемендіктер атынан өнерпаздарға арнап ықылас гүлі шығарылды. Сондай-ақ аймақ басшысы Ермек Көшербаев қатысушылар мен қонақтарға өз алғысын білдірді.

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Фотосурет: ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив