
Риддерде ер адамды өрттен құтқарған тұрғындар марапатталды
Қаңтар айының 3-і күні кешкі уақытта болған оқиға 7-ші шағын аудан тұрғындарын біршама абдыратты. Кенеттен болған өрт кеселін тигізуге шақ қалғанда көршілер көмекке ұмтылған. Бесінші ғимараттағы пәтерлердің бірінде тұтанған өрт сәл болмағанда соңы қайғылы жайтқа ұласуы мүмкін еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Естеріңізде болса, бір жетіге жуық уақыт бұрын әлеуметтік желіде «риддерліктер 49 жастағы ер адамды өрттен құтқарды» деген ақпарат тараған болатын. Сол уақытта Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметіндегілер 10 шаршы метр аумақты қамтыған қызыл жалынды ауыздықтадық деп қысқа мәлімет ұсынды.
Қаңтар айының 9-ы күні Риддер қалалық әкімдігі мен қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы өкілдері тілсіз жау тиегін ағытқанда көмекке келген тұрғындарға Алғыс хаттарын табыс етті. Соның бірі – Әсет Сәкенов. Жиырманың екеуін толтырған өжет жігіт. Бүгінде Ресейдің Воронеж қаласында профессор Н.Е. Жуковский мен Ю.А.Гагарин атындағы әскери-әуе академиясында оқып жатыр. Өзі Риддердің тумасы. Газет тілшісіне оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
– Балконнан үй өртеніп жатқанын көрдік. Жанымда дос қызым болды. Үш үй жапсарлас орналасса да, мекенжайлары әртүрлі. Дереу өрт сөндірушілерге хабарласып, өз мекенжайымды айттым. Себебі, түтін шалған пәтердің қай көшеде орналасқанын дәл айта алмадым. Сөйтсе, өрт Абай көшесі, 64 мекенжайында болып жатыр екен. Дос қызыммен бірге жылдам басып, жаңағы подъезге жеттік. Бесінші қабатқа көтеріліп, есігін ашып қалғанда көк түтін бетімді бүркіп өткендей болды. Күрткемді шешіп, дос қызыма бердім де, өзім кіріп көрейін дедім. Бір бардым, екі бардым болмады. Сосын көршілер де шыға қалды. Үйілерінде бетімді жуып, олар берген қолшаммен тізерлеп үйге тағы бір кірдім. Сонда арғы бөлмеден сүлесоқ күйде ересек адам шығып келе жатты. Басқа бөлмеге бара жатыр екен. Аяғын тартып қалып, соңынан демеп, сыртқа қарай шығардым, – деді Әсет Жанболатұлы.
Үйде басқа адам жоқ. Пәтер иесінен соң оны құтқарған адамның өзі де шықты. Бұл уақытта өрт сөндірушілер келіп, делсал күйдегі ер адамды демеп алып кетті. Әсеттің сөзінше, өзіне еш қауіп төнген жоқ. Қуанышқа орай, ыс та тимеді.
Ал оқиға куәгері, жақын маңнан түтін иісі шығып жатқанын алғаш байқағандардың бірі Манарбек Қағазбекұлының сөзінше, келеңсіз жайт шамамен кешкі сағат 20:20-да болды.
– Үйде отыр едім, сасық иіс келді. Әлдене күйіп жатқандай сезілді. Маңайды шолып шықсам, жақындарым аман, тоқ көздерінде ешқандай ақау байқалмайды. Есікті ашып қалып едім, үйге түтін бұрқ ете түсті. Сол кезде Әсет жүгіріп келді. Беті-қолын жуып алып, жалын шарпыған жаққай қарай жүгірді. Артынан мен де ілестім. Содан есеңгіреп тұрған адамды бері қарай тартып шығардық. Ал үйдің іші астан-кестен өрт. Өрт сөндірушілер онда кірмеуімізді сұрады. Олар кеткен соң қарап едік, кресло мен терезе алдындағы еден жанып кетіпті, – деді ол.
Куәгерлер сөзінше, өрт тез-ақ өшірілді. Құтқарушылар да жедел қимылдаған. Арада апта өткенде адам өмірін арашалап қалғандарды әкімдікке шақырды. Риддер қалалық төтенше жағдайлар бойынша басқарма бастығы, азаматтық қорғаныс полковнигі Евгений Тарасов өрт кезінде көмекке ұмтылған екі азаматқа алғысын жеткізді. Ал қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Қанат Оралбек қала әкімі Думан Рахметқалиевтің атынан Әсеттің анасы Жанар Букеноваға теледидар табыс етті.
Әділхан БОЛАТХАНҰЛЫ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер