25 қаңтар күні Самар ауданының Орталық стадионында «Жарысқа кел, Жанұя!» атты эстафеталық спорттық ойыны өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жарысқа 7 аулыдан келген командалар қатысты. Отбасылық ойынға қатысқан аудан тұрғындары демалыс күндерінің қызықты өткеніне қуанышты.
Сайыстың мақсаты – тұрғындардың қысқы демалыс күндерін отбасымен бірге қызықты өткізу, ойын арқылы қозғалысқа келтіріп, таза ауда шынықтыру, қоршаған ортаға сүйіспеншіліктерін арттыру, балалардың салауатты өмір салтын сақтау, сол арқылы дені сау, рухы мықты ұрпақ тәрбиелеу.
– Бүгінгі эстафета аудан әкімі Серік Жеңісұлының тапсырмасымен аудан тұрғындарының демалыс күндерін пайдалы әрі қызықты өткізу мақсатында ұйымдастырылып жатыр. Ауданымыздың ауылдарынан, ауылдық округтерінен келіп командалар қатысуда. Бүгінгі сайыс отбасылық эстафета форматында өтіп жатыр. Ал, алдағы уақытта чемпионаттар, марафондарды ұйымдастырып, әртүрлі спорт түрлерін қамту жоспарда бар, – дейді аудандық спорт бөлімінің басшысы Асқар Төлеубайұлы.
Сайыс бағдарламасында командалар «Шаңғы эстафетасы», «Шанамен кім жылдам?», «Стюб эстафетасы», «Кім мерген?», «Қысқы балық аулау» және «Доппен хоккей ойыны» кезеңдерінде бақ сынасты.
Жарыс нәтижесінде 3-орынды Көкжыра ауылының «Бүркіт» командасы иеленді. Ал, 2-орынға Құлынжон ауылының «Сұңқар» командасы тұрақтаған. Жүлделі 1-орынды Самар ауылының атынан қатысқан «NEW командасы» қанжығалады.
Пікірлер