Өскеменде өткен жылдың қазан айында ашылған «УКТРУБТЕХ» зауыты су, газ, кәріз жүйелеріне және кабель төсеуге арналған полиэтилен құбырларды шығарады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған зауытта заманауи құрал-жабдықтар қолданылады. Зауыт өнімдері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына арналған. Ал қуаттылығы жылына - 3600 тонна. Осындай өндіріс орны облыста алғаш ашылып отыр. Ұқсас зауыт Батыс және Орталық Қазақстанда бар. Оның басқа кәсіпорындардан артықшылығы - кабель төсеуге арналған трубаларды шығаратындығында. Тоқ жолына қажетті трубалардың қауіпсіздігі өте жоғары деңгейде. Олар үш қабаттан тұрады.«УКАТРУБТЕХ» ЖШС бас директорының орынбасары Тұрсынбек Мұсахановтың сөзінше, зауыт әуелі су құбырларын шығарумен айналысты.
- Күніне 1100 метр труба дайындаймыз. Өнімдердің төрт түрі шығарылады. Біз алдымен өз облысымызды толық қамтамасыз етеміз, содан кейін ғана шығарған материалдарды еліміздің басқа өңірлеріне жібереміз. Бұдан бөлек диаметрі 400 миллиметрге дейін жететін құбырларды да жасап шығарамыз. Ал су құбырларының күн сайын шамамен 3500 метрін өндіруге шамамыз жетеді, - деді ол.
Баға да қолжетімді. Нарықтағыдан біршама төмен.
- Әзірге экспортқа шығармаймыз. Алдағы уақытта мүмкіндік туып жатса шығаруымыз ықтимал, - деді директордың орынбасары.
Айта кетейік, аталған зауыт жекеменшік. Бүгінде мұнда 25 адам жұмыс істейді. Зауыттың іші толықтай автоматтандырылған. Мамандар тапшылығы сезілмейді. Алдағы уақытта қосымша цехтар ашып, жұмысшылардың санын арттыру да жоспарлануда.
Нұрдәулет Қалибеков
Пікірлер