A+ A A-

talgatzhan 77 6-02-2025, 12:00 0

Дәм арқылы дәстүрді дәріптеуде: Өскемендік кәсіпкер Айжан Ахметқалиқызы ұлттық тағам түрлерін дайындайды

Бүгін / Сұхбат / Басты / Өскемен

Бүгінгі таңда қазақ дастарханы кеңінен дәріптеліп, халық арасында жоғары сұранысқа ие болып жүр. Ұлттық өнім түрлерін шығарумен айналысатын кәсіп иелері туралы бұған дейін де жазған едік. Олардың тауарын алыс-жақыннан алдырып жатқандар да аз емес. Осындай игі бастама иелерінің бірі – өскемендік Айжан Ахметқалиқызы. Ол осыдан екі жыл бұрын «Дәстүр дәм» деп аталатын ұлттық тағамдар өндірісін ашқан еді. Сол уақыттан бері тек қала тұрғындарының емес, шетелдіктердің де назарын аудартып, табиғи әрі тіл үйірер өнімдермен жұртшылықты қуантуда. Оның ішінде әсіп, ұлтабар, шұжық, коллаген сорпа бар. Тіпті жартылай фабрикат шығаруды да қолға алған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

- Кәсіп ашу идеясы қалай келді?

- Кәсібіміз 2023 жылы ашылды. Өзім – көпбалалы анамын. Балаларыма табиғи, ешқандай қоспасы жоқ, таза тағамдар жасап бергім келетін. Осы мақсатта өз бетімше үйреніп, қазақтың ұлттық өнімдерін жасауға бел будым. Бір сөзбен айтқанда, барлығы үй жағдайынан басталды ғой. Дегенмен басты мақсатымыз – жастарға қазір ұмыт болып бара жатқан казактың ұлттық тағамдарын дәріптеу, оны қайта жаңғырту.

- Қандай өнім түрлерін дайындайсыздар?

- Біз қазақтың ұлттық тағамдары мен ет өнімдерін ұсынамыз. Оның ішінде әсіп, карынбүрме, ұлтабар, сүрленген бір асым ет, қарынорама, жаужүрек, ұлпершек, шұжық, құйрық май бар. Сондай-ақ сиыр жіліктерін 22 сағат бойы қайнатып, коллаген сорпа дайындаймыз. Ол буын, сүйек, бет терісін күтуге арналған табиғи коллаген саналады. Көбіне егде жастағы адамдар сатып алып жатады. Одан бөлек, таза еттен, ешбір зиянды қоспасыз шұжық өнімдерін шығарамыз. Оны 3-4 сағатта арнайы пеште пісіреміз. Құрамы таза болғандықтан, балаларға қорықпай беруге болады.

- Қай мал етін қолданасыздар?

- Біз малды өзіміз өсірмейміз, бірақ оны дұрысынан таңдап алып, толық өңдейміз. Тағамдарды негізінен жылқы, сиыр және қой етінен дайындаймыз. Малды сойғаннан кейін етін, басын, ішегін, қарнын, өкпе, бауыр, сүйектерін де пайдаланып, ешбір қалдықсыз өнім шығарамыз. Барлығын сапалы әрі табиғи түрде дайындаймыз. 2-5 күннің ішінде 1 малды толық өңдеп, сатылымға шығарамыз.

- Цехта неше адам жұмыс істейді?

- Өткен жылы 3 адам еңбек етсе, биыл 7 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Уақыт өткен сайын өндіріс көлемін арттырып, жұмысшылар санын көбейтуді назардан тыс қалдырмаймыз. Бұл көрсеткіштің өсуі - өнімдеріміздің сұранысқа ие екеніне айқын дәлел деп ойлаймын.

- Сұраныс демекші, тұтынушылар көбейіп келе ме?

- Иә, жұртшылық өнімдерімізді бірден жақсы қабылдады. Сұраныс күн сайын артып келеді. Көбіне қала тұрғындары сатып алады. Өскеменнен бөлек, Алматы, Астана, Семей және басқа да қалалар мен аудандардан тапсырыстар жиі түседі. Сонымен қатар шетелден де сұраныс бар. Тауарды жақсы өткізу үшін әлеуметтік желіде парақша ашып, жарнама жағына да көңіл бөліп жүрміз.

- Өнімдердің орташа бағасы қанша?

- Баға өнім түрі мен көлеміне байланысты әртүрлі болып келеді. Тауарлардың құны 1 000 теңгеден басталып, 10 000 теңгеге дейін барады. Біз баға мен сапаға бірдей назар аударамыз. Өнімдердің барлығы қолжетімді болғанын қалаймыз.

- Кәсіпті дамыту үшін алға қойған жоспарларыңызбен бөліссеңіз...

- Екі жылдың іщінде ұлттық өнімдерді дайындауға деген үлкен қызығушылық пайда болды. Шаруашылықты әрі қарай дамыту үшін цехті үлкейтіп, өнім түрлерін көбейткіміз келеді. Соның арқасында ассортиментті кеңейтіп, нарықта өз орнымызды нығайтуды көздейміз.

- Ал өзіңіз сияқты кәсіп бастағысы келетіндерге қандай кеңес берер едіңіз?

- Ең алдымен өз ісіңді бастауға ешқашан кеш емес дегім келеді. Халыққа пайдалы кәсіп ашқан жөн. Қазіргі таңда мемлекеттен де көп көмек бар. Оны дұрыс пайдалану қажет. Сонымен қатар жастар арасында қазақтың ұлттық тағамдарын танымал етіп, ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртуға шақырамын. Бұл тек өзіңе емес, қоғамға да пайдалы болады.

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив