А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Ес-аға» фототілшілер клубы ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шығыс Қазақстан облыстық "Дидар" газетінде ұзақ жыл еңбек еткен фотограф Есімхан Орынбаев тірі болса биыл 70 жасқа келер еді. «Ес-аға» клубы сол мерейтойға орай ашылып отыр. Фототілшілердің басын қосатын клуб ҚР Журналистер одағының өңірлік филиалының төрағасы, республикалық «Eqemen Qazaqstan» газетінің ШҚО-дағы меншікті тілшісі Мерей Қайнарұлының жетекшілігімен жұмыс істемек.
Салтанатты ашылу шарасына Есімхан Орынбаевтың қызы Әсел Есімханқызы келді. Өз сөзінде ол жиналған қауымға және осындай клуб ашып жатқан кітапхана мен Журналистер одағына алғысын жеткізді.
Ардагер журналистер Айтмұхамбет Қасымов, Әлібек Қаңтарбаев, Уәлихан Тоқпатаев Есімхан Орынбаев туралы жүрекке жетер жылы естеліктерімен бөлісті.
-Есімхан мейірімді, ақкөңіл, уәдесіне сондай берік азамат еді. Жолдастары, әріптестері десе елпілдеп тұратын. Кез келген адаммен тіл табысып кететін ашық, ақжарқын мінезді жігіт-тұғын. Түсірген суреттері үнемі газет оқырмандарының ыстық ықыласына бөленіп жататын, - деді Айтмұхамбет Қасымов.
Айта кетейік, Есімхан Орынбаев 1955 жылы Алматы облысы Ақсу ауданы Еңбек ауылында дүниеге келген. Иркутск мемлекеттік университетінің фотография бөлімін тәмамдаған. 1986 жылы Өскеменге көшіп келіп, облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетіне жұмысқа тұрып, өмірін шығармашылығымен ұштастырған. Оның суреттерінде түрлі адамдар, оқиғалар мен фактілер бейнеленген және бір жұмыс екіншісіне ұқсамайды.
Клубтың мақсаты - болашақта фототілші болуға ынта-ықыласы бар шығысқазақстандықтарға өз қабілеттерін жетілдіруге мүмкіндік беру. Фотожурналистикаға бейімі бар адамдарға фотопортрет, пейзаж, фоторепортаж, фотоочерк және тағы басқа түсірудің тәсілдерін үйрету, шеберліктерін шыңдау. Клубта арнайы жоспар құрылып, аптасына бір рет дәріс беріледі.
Талғатжан Мұхамадиев
Фотосуретті түсірген - Лашын Жардембек
Пікірлер