Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ оқытушылары мен студенттері Тәжікстаннан және Оңтүстік Кореядан келген студенттермен кездесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталмыш университеттің 9-шы оқу ғимаратында студенттер ЖОО-ға жаңадан келген өзге ұлт өкілдеріне қазақтың қонақжайлылығын көрсетті. Шараның негізгі мақсаты - шетелдіктердің тез бейімделіп, өздеріне жаңа орта табуына жағдай жасау. Кездесуде оларға концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, белсенді жастар өнерлерін ортаға салды. Тәжікстаннан келген студент қыздар өздерінің ұлттық билерін билеп, ерекше көзге түсті.
Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Сләмбек Оразалинның сөзінше, осы екінші жартыжылдықта Өскеменге Тәжікстаннан 21 студент табан тіреген.
- Алдыңғы бірінші жарты жылдықта осы мемлекеттен 23 студент келіп, білімдерін толықтырып кетті. Барлығы да білімге құмар. Тәртіп бұзғандары жоқ. Бұдан бөлек, Оңтүстік Корея елінен де келіп оқып жатыр. Қазіргі таңда сол елден келген Ли есімді жас профессор Аманжолов студенттеріне сабақ беріп жүр. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Осындай шетел студенттерімен бас қосу жиындары жылда өтіп тұрады, тіпті дәстүрге айналып кетті деуге әсте болады, - деді Сләмбек Қалибекұлы.
Айта кетейік, шетелдік болашақ мамандарға осы аптадан бастап қазақ тілінде дәрістер жүргізілмек. Қазақ елінің мәдениеті мен әдет-ғұрпын таныстыру мақсатында да дәрістер өткізіледі.
- Осында келіп білімімді шыңдап жатқаныма өте қуаныштымын. Қазақстан ежелден өте қонақжай ел деп еститінбіз. Бүгін соған тағы бір мәрте куә болдық. Мұндай мүмкіндік сыйлаған С.Аманжолов атындағы университетке және өз елімдегі білім ордасына үлкен алғысымды білдіремін. Мен мұнда тек білім алып қана қоймай, тіл үйреніп, жаңа қазақстандық достар да таптым. Өскемен әдемі қала екен. Табиғаты тамаша, тұрғындары да ақкөңіл. Алдағы уақытта Қазақстанның басқа да қалаларын аралап көргім келеді, - деді тәжікстандық студент Насим Абдулов.
Университетте 50-ге жуық шетел студенті білім алуда. Ал өзге мемлекеттерде С.Аманжолов университетінен 60-тай болашақ маман өз біліктіліктерін шыңдап жатыр.
Пікірлер