A+ A A-

talgatzhan 29 11-02-2025, 12:05 0

ШҚО-да 17 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген

Бүгін / Республика

Бүгін Өскеменде әртүрлі салалардағы 220-ға жуық бос жұмыс орны ұсынылған, 25-тен астам жұмыс беруші қатысқан бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

2025 жыл Президент жарлығымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғаны белгілі. Соның аясында облыс орталығында жұмыссыз жандарға арналған жәрмеңке ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты - жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, кадрларды даярлау сапасын жетілдіру, жұмыс берушілермен өзара қарым-қатынас жасауды күшейту. 

Шығыс Қазақстан облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинованың сөзінше, облыста барлығы 17 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген.

- Бүгінде аймақ көлемінде 3500 бос жұмыс орны бар. Ал қала бойынша жұмысқа 1700 маман қажет. Осындай акция республика көлемінде өтіп жатыр. Бұл шара жұмыссыз жандардың жаңа жұмыс орнын табуына үлкен септігін тигізеді. Мұнда өңірдегі ірі-ірі 25 компания келіп қатысып, өз жұмыстарын халыққа ұсынып жатыр. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да мемлекет тарапынан субсидиялар қарастырылған. Олардың да қоғамнан шеткері қалмай, жұмысқа орналасуына жағдай жасалған, - дейді ол. 

Айта кетейік, студенттер мен жас мамандарға арналған «Мансап компасы» атты жүйе іске қосылған. Ол жастарға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Мұнда олар қай салаға қандай маман керектігін, көрсетілген жұмыстың жалақы мөлшерін және өздері таңдаған мамандықтың қай жерде оқытылатыны туралы толық ақпарат ала алады.

- Өзім оқыған мандығым бойынша жұмыс іздеп келдім. Өткізіліп отырған жәрмеңке жұмыссыз жүргендерге көп мүмкіндік сыйлап отыр. Өзім техникалық бағыттағы сала маманымын. Жәрмеңкеде өзім сияқты жас мамандар аз емес. Бұл қуантарлық жайт. Олар осы жерден өздерінің жандарына жақын жұмыстарын табады деген ойдамын, - деді  Дидар Капаров.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив