Италияның Турин қаласында өткен қысқы Универсиаданың жеңімпаздары туған жерге оралды. Спортшыларға әуежайдан бастап ерекше қошемет көрсетілді, деп хабарлайды Buqara.kz cайтының тілшісі
Еске сала кетейік, Турин қаласында өткен қысқы додада Қазақстан ұлттық құрамасы 43 елдің арасынан 12-ші орынға ие болды. 10 күнге созылған байрақты бәсекеде ел қоржыны 14 медальмен, оның ішінде үш алтын, төрт күміс және жеті қоламен толықты. Аталған жарысқа Өскемен қаласынан бірнеше спортшы ел намысын қорғауға аттанып, жеңіс тұғырынан көрінді. Олар көк туымызды биікке көтеріп, ұлттық құрама қоржынына екі алтын медаль салған Анастасия Городко, күміс жүлде алған Аяулым Әміренова және Антон Бондарев.
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Қусумбаевтың сөзінше, жерлестеріміз шынымен де ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті.
-Жалпы біздің облыс елдегі көптеген қысқы спорт түрінің отаны. Соның ішінде фристайлшыларымызды ерекше атап өтуге болады. Анастасия Городконың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Ол жастығына қарамастан юниорлар арасында үш дүркін Әлем чемпионы атанып үлгерді. Мұндай жетістікке жеткен спортшылар кемде-кем. Алда жас спортшыларымыз бұдан да жоғары жетістіктерге жетеді деген сенімдеміз, – деді ол.
Айтар болсақ, жаһандық додада ел құрамасының қоржынындағы шығысқазақстандық фристайлшылар салған медальдардың саны төртеу. Оның екеуі алтын, екеуі күміс. Осы ретте, Универсиада қорытындысы бойынша ел спортшылары барлығы үш алтын, төрт күміс және жеті қола медаль жеңіп алған.
– Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Қарсыластар осал емес. Универсиядағы нәтижеме көңілім толады. Енді сәл тынығып, алдағы жарыстарға дайындықты бастаймыз, – дейді жарыс жүлдегері Анастасия Городко.
Турин тұғырына көтерілген тағы бір жерлесіміз Аяулым Әміренова алғашқы күнгі жекелей сында жүлделі орыннан көріне алмай қалғанына көңілі түскенін жеткізді.
- Әрине қобалжу болғаны рас. Өйткені еліміз бізге зор үміт артқан соң, жарыста жақсы нәтиже көрсетуге ниеттендік. Негізі Универсиадаға екі медаль аламын деген оймен барғанмын, бірақ бұл мақсатым орындалмады. Алайда жарыстың екінші күні елімнің және отбасымның, жақындарымның қолдауын сезіндім. Сол ретте барымды салып, күміс медаль иелендім. Соңғы уақытта иығымның жарақаты маза бермей жүр. Дәрігерлер ота жасату керек дейді. Сол себепті мен үшін биылғы маусым аяқталды. Енді ота жасатып, келер маусымға дайындықты бастаймын, – деді Аяулым.
Пікірлер