A+ A A-

talgatzhan 31 14-02-2025, 16:10 0

Өскеменде «Кітап сыйла» акциясы аясында жастармен танымдық кездесу өтті

Бүгін / Өскемен

Халықаралық кітап сыйлау күніне орай «Жастар Рухы» ЖҚ ШҚОФ ұйымдастыруымен жастарға арналған танымдық кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні, яғни адамдар бір-біріне құрмет пен сыйластықтың белгісі ретінде кітап сыйлайтын ерекше мереке. Бұл күннің басты мақсаты – қоғамды кітап оқуға шақырып, жастардың рухани дамуына үлес қосу.

Кездесудің арнайы қонағы – ақын, драматург, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Әскерхан Хуанбай. Ол жастармен өз шығармашылығы туралы бөлісіп, кітап оқудың маңызы туралы ой қозғады.

-Кітап – адам жанының азығы. Оны оқу арқылы біз жаңа әлемдерді танып, ой-өрісімізді кеңейтеміз. Бүгінгі жастардың кітапқа деген қызығушылығы қуантады. Оқыған әрбір кітап адамның санасын сәулелендіріп, дұрыс бағыт береді. Сондықтан, жастарды кітап оқуға көбірек уақыт бөлуге шақырамын, – деді Әскерхан Хуанбай.

Кездесу барысында жастар өздері оқыған кітаптары жайлы ойларымен бөлісіп, өлең шумақтарын оқып, жылы тілектерін білдірді. Белсенділік танытқан жастарға ақын өз кітаптарын сыйға тартты.

Бұл шара жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, рухани даму мен білімге деген құштарлығын қолдау мақсатында ұйымдастырылды.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив