
Ауылдағы ақ халаттылардың ахуалы қалай?
2025 жыл Шығыс Қазақстан облысында «Денсаулық сақтау жылы» болып бекітілді. Халықтың денсаулығы түптеп келгенде аймақтағы денсаулық сақтау саласының жайын көрсетеді. Медицинаға арналған жылға үміт көп. Бас ауырып, балтыр сыздағанда бар ауылға бөлінген бір дәрігерді таппайтын шеттегі жұрт абзал жандарға мұқтаж екені бесенеден белгілі. Кей аудандарда тозығы жеткен медицина мекемелеріндегі қызмет көрсету жайы мен ақ халаттылардың кемшіндігі мәселесі тағы бар. Бұл мақалада биыл әр қала, ауданның медицинасын қандай өзгерістер күтіп тұрғандығын сөз етпекпіз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Риддер
Моноқалада «Денсаулық сақтау жылында» онкологиялық сыртқатпен, туберкулезбен, қан айналым жүйелерінің ауруларымен және қант диабетімен бүкіләлемдік күрес күндеріне орай шаралар ұйымдастырылатыны белгілі болды. Сондай-ақ психикалық денсаулық күні, вирустық инфекциялық аурулардың алдын-алу, жіті ішек инфекциясына қарсы шаралар да өткізілмек. Риддер жұрты жыл соңына дейін су жаңа аурухана кешенінде ем алатын болады. Бұл туралы Риддер қалалық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Вера Новикова мәлім етті.
- Риддер қаласында 200 төсек-орынға стационар және бір ауысымда 500 келушіге арналған көпбейінді ауруханалық кешеннің құрылысы жүргізілуде. 2022 жылы басталған нысан құрылысын осы жылдың соңында аяқтау жоспарланған, - делінген ресми жауапта.
Былтыр қаладағы ауруханада ауыз толтырып айтарлық жөндеу жұмыстары жүрмеген, тек емхананың желдеткіштері жаңарыпты.
Риддер қалалық ауруханасында ақ халаттылардың кемшіндігі байқалады. Нақты айтқанда, 3 дәрігер-педиатр, 1 дәрігер-кардиолог, 1 дәрігер-анестезиолог-реаниматолог, 1 дәрігер-хирург, 1 дәрігер-оториноларинголог, 1 дәрігер-терапевт және 2 дәрігер акушер-гинеколог маманға сұраныс бар.
Самар
Самар ауданында елге қызмет ететін емхана - Самар аудандық ауруханасы. Бүгінде аурухаға тіркелгендердің саны - 10 957 адам.
- Самар ауданына қарасты 22 елді мекен бар, оның ішінде аудан орталығында 4 дәріхана орналасқан. Қалған 19 елдімекен жұрты дәріхана науалары арқылы маңызы бар дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Әлеуметтік маңызы бар аурулармен ауыратын науқастарға (онкологиялық, туберкулезбен, психикалық аурулармен ауыратын науқастар және жүрек-тамыр жүйесі аурулары бар науқастарға) тегін дәрілік препараттар беріледі, - деді Самар ауданы әкімінің орынбасары Қайдар Сәкенұлы.
«Денсаулық сақтау жылы» аудан бойынша медициналық нысан салу жоспарланбаған. Биыл аудандық аурухананың бірінші, екінші қабаттарына және жертөлесіне күрделі жөндеу жүргізіліп, лифттері қайта жаңаратыны белгілі болды.
Аудан халқы ем алатын орталық ауруханада қазіргі уақытта 26 дәрігер, 104 орта буындағы медициналық маман қызмет етеді. Самарда онколог, дерматовенеролог, анестезиолог, педиатор дәрігерлердің тапшылығы байқалады.
- Самар аудандық ауруханасының бас дәрігері жыл сайын Өскемен және Семей қаласындағы Бос орындар жәрмеңкесіне барады. Бүгінде медициналық жоғары оқу орындарының түлектерімен келіссөздер жүргізілуде. Кадр тапшылығын азайту үшін бос орындар және дәрігерлік кадрлардың талаптары мен міндеттерінің қысқаша мазмұны орналастырылатын enbek.kz сияқты электрондық сайттарда жұмыс жүргізіледі, - делінген аудан әкімдігі берген ресми жауапта.
Тарбағатай
Тарбағатай ауданының медицинасы «Денсаулық сақтау жылына» дайындықты жыл басында-ақ бастап кеткен. Биыл Тарбағатай аудандық ауруханасы су жаңа медициналық техникалармен жабдықталмақ.
- Аудандық ауруханаға 453,9 млн теңгеге компьютерлік томография аппараты алынды. Canon Medical Systems Corporation жапондық құрылғысы бір сәтте 160 кескін жасай алады. Қазіргі уақытта кабинетті арнайы жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. «Казцинк» ЖШС демеушілігімен құны 101 млн теңгені құрайтын I-III 200ПА медициналық қалдықтарды ұсақтап залалсыздандыра жоятын қондырғы алу жоспарда бар, - деді Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Талант Бақытбекұлы.
Аудан медицинасын биыл қандай оң өзгерістер күтіп тұр? Тарбағатай ауданында күрделі жөндеуден өтетін һәм елдімекендерде салынатын емханалар мыналар:
Қабанбай ауылының дәрігерлік амбулаториясын алдағы жылдары жаңадан салу жоспарлануда. Биыл инвестициялық жобаның оң экономикалық қорытындысы алынып, жобалық-сметалық құжаттары (ЖСҚ) әзірлеуге облыстық бюджеттен қаражат бөлінген.
Тұғыл ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ЖСҚ дайындалды, жоба құны - 356,3 млн теңге. Бюджеттік өтінім облыстық комиссияға жолданып, биыл «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында қаржыландыру жоспарлануда.
2025 жылы Тарбағатай аудандық ауруханасы емхана бөлімшесі ғимараты күрделі жөндеуден өтеді.
Аудандық аурухана ғимаратының ішкі шаруашылық блогының және мәйітхананың жылыту жүйелерін ауыстыру және сумен жабдықтау, алаңішілік желілеріне күрделі жөндеу жүргізу көзделуде.
Биыл аталған ауруханадағы жұқпалы аурулар бөлімі ғимаратына да күрделі жөндеу жүргізіледі. Жобаның құны 155 млн теңгеге бағаланған.
Тарбағатай аудандық ауруханасы ғимаратының жылыту қазандықтарын ауыстыра отырып, қазандық ғимаратын күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат жасалуда.
Орталық аурухананың жанындағы мәйітхана ғимаратын күрделі жөндеуге мердігерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілмек. Жоба құны - 20 млн теңге.
Атаулы жылға жоспары көп Тарбағатай ауданы да кадр тапшылығы мәселесінен айналып кетпеді. Орталық емханадағы бос орындар мыналар: отолоринголог, психиатр-нарколог, эндокринолог, акушер-гинеколог, фельдшер-лаборант, персоналды басқару бөлімінің маманы. Сондай-ақ Тұғыл, Жаңаауыл ауылдарындағы ауруханада жалпы тәжірибелі дәрігер тапшылығы бар екендігі анықталды.
- Кадр тапшылығын болдырмау үшін ауруханаға жұмысқа келген мамандарға бірреттік қайтарымсыз көтерме жәрдемақы және үй беріледі, - деп хабарлады аудан әкімдігінен.
Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер