Қала әкімдігінің мәліметінше, Ұлыстың ұлы күніне орай облыс орталығында 70-ке жуық шара өткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Республика алаңында 500 орындық киіз үй тігіледі. Сондай-ақ түрлі ұйымдар, басқармалар мен кәсіпорындар киіз үй орнатады.
Мерекелік шаралар облыс орталығының барлық шалғай ауданында ұйымдастырылады.
Наурыз мейрамын тойлау 14 наурыз –Көрісу күні – Амал мерекесімен басталады.
15 наурыз – Қайырымдылық күніне орай арнайы концерт өтеді.
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күнінде қала тұрғындарына «Қазақфильм» киностудиясының фильмдері тегін көрсетіледі.
17 наурыз – Шаңырақ күнінде «Өнер алды - қызыл тіл» атты зияткерлік ойыны ұйымдастырылады.
18 наурыз – Ұлттық киім күнінде жергілікті дизайнерлердің көрмесі өтеді.
19 наурыз – Жаңару күні аясында экология мәселелеріне көңіл бөлініп, қаланы көгалдандыру жобаларының тұсаукесері өтеді.
20 наурыз – Ұлттық спорт күнінде өскемендіктер ұлттық ойындарға қатыса алады.
Ал басты мерекелік шаралар 21 және 22 наурызда өтеді. Әртістер мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен күндіз және кешке концерттер, жәрмеңке, караоке алаңы, спорттық жарыстар, сәндік-қолданбалы өнер көрмесі және тақырыптық аймақтар ұйымдастырылады.
Бұдан бөлек, Ақтан Нұрбаев атындағы ақындар мектебінің ашылуы, «Мәңгілік мұра» этнографиялық көрмесі, «Ұлттық өнер айнасы» көшпелі көрмесі және қайырымдылық шаралары өткізілмек.
Қала көшелері ұлттық ою-өрнектермен безендіріліп, қонақтарға наурыз көже, бауырсақ пен палау ұсынылады.
Айта кетейік, бұл шаралардың алдын ала жоспары. Демек, аталған тізімге өзгерістер енуі мүмкін.
Пікірлер