Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев тасқын қаупі жоғары аймақтарды атады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі, inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Үкімет отырысы күн тәртібінен тыс мәселелерден басталды.
- Еліміздің бірқатар өңірлерінде қар күрт ери бастады. Солтүстікте әлі боран соғып тұр. Сондықтан көктемгі су тасқынына дайын болуымыз керек. Алдағы ауа райының болжамы туралы Ерлан Нысанбаев баяндайды, – деді Премьер-министр Олжас Бектенов.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың сөзінше, ел аумағының 71 пайызын қар жамылған.
- Бұл өткен аптаға салыстырғанда 15 процентке аз. Еліміздің оңтүстігіндегі Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында, батысындағы Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында қар еріп жатыр. Наурыз айында температураның көтерілуімен жаңбыр түріндегі қатты жауын-шашын болған жағдайда тау өзендерінде еріген қар суының әсерінен жоғары тасқын жүруі мүмкін. Орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда қар жиналу үрдісі жалғасып жатыр. Наурыз айында жауын-шашын мөлшері айлық нормадан екі және одан да көп түсуі күтілуде. Мысалы, Астанада айлық жауын-шашын мөлшері бірінші онкүндікте ғана түсіп үлгерді. Наурыз және сәуір айлары әдеттегіден жылырақ болады деп күтілуде. Сондай-ақ еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мол болады, – деді министр.
Ведомство басшысы бұл көктемнің тез келуіне және су тасқыны қаупінің артуына ықпал етеді деп айтты.
Су тасқыны қаупі жоғары аймақтар – Ақтөбе, Қостанай, Ұлытау, Абай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары. Қауіптілігі орташа аймақтар – Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары. Тасқын қаупі төмен өңірлер – Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары.
- Биыл "Қазгидромет" алғаш рет әр облыс бойынша егжей-тегжейлі анықтамалар дайындалды. Бұл анықтамаларда гидрологиялық бекеттер бойынша су деңгейінің және ағысының күтілетін ең жоғарғы мәндері, ағын көлемі, сондай-ақ қауіп аймағында орналасқан елдімекендерді белгілей отырып, болжамды басталу күндері күтіледі. Өткен аптадан бастап гидромет апта сайынғы гидрологиялық болжамдарды шығара бастады, – деді Ерлан Нысанбаев.
Фотосурет: Егемен Қазақстан
Пікірлер