Харбинде өткен байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы 20 медаль жеңіп алды: 4 алтын, 9 күміс және 7 қола, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
— Шығыс Қазақстан облысының спортшыларын ерекше атап өткім келеді. Құрамында біздің аймақтың жеті өкілі өнер көрсеткен шайбалы хоккейден ерлер құрамасы алтын медаль иеленді, — деді ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов.
Бұдан бөлек, шорт-тректен эстафеталық команда құрамында өнер көрсеткен Зейнеп Құмарқан мен құрамында облыстың 10 спортшысы болған әйелдер хоккей құрамасы екі күміс медаль еншіледі. Ал биатлоннан әйелдер эстафеталық құрамында сынға түскен Ольга Полторанина мен Елизавета Белецкая қола жүлдеге ие болды.
Қазір шығысқазақстандықтар Қазақстанның VI қысқы Спартакиадасында да жақсы нәтиже көрсетуде. Олар шайбалы хоккейден алтын, фристайл-акробатикадан қола медаль жеңіп алды.
Сонымен қатар 11-16 наурыз аралығында Риддерде тау шаңғысы жарыстары өтіп жатыр. Оған Қазақстанның бес өңірінен 37 спортшы қатысып жатыр. Алда биатлон, шорт-трек, шаңғы жарысы, басқа да қысқы спорт түрлері бойынша жарыстар күтіп тұр. Спартакиада 13 сәуірде аяқталады.
Пікірлер