Қаңтардан бастап бірнеше ауданда жаңа жұмыс кестесі енгізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бірінші болып пилоттық жобаны Катонқарағай ауданы іске қосты. Қазіргі уақытта оған Зайсан, Тарбағатай, Ұлан, Күршім, Марқакөл, Самар, Үлкен Нарын және Алтай аудандары қосылды.
Жаңа жұмыс кестесі Глубокое және Шемонаиха аудандарында да енгізілді.
Енді 11 ауданда мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар және әлеуметтік қызметтер үшін жұмыс күні таңғы 08:00-де басталып, кешкі 17:30-да аяқталады. Түскі үзіліс 12:00-ден 13:30-ға дейін жалғасады. Алайда бұл өзгерістер білім беру мекемелеріне, балабақшалар мен медициналық ұйымдарға әсер етпейді, себебі олар бұрыннан осындай тәртіпте жұмыс істеп келеді.
Шемонаиха ауданының әкімі Дидар Кенесбаев жаңа өзгерістер қолайсыздық тудыруы мүмкін екенін атап өтті. Бірақ бұл ауданның дамуы үшін қажет.
– Уақыт белдеуінің өзгеруіне байланысты жаңа жағдайларға бейімделу қажеттілігі туындады. Мен жұмыс кестесінің өзгеруіне бейімделетін барлық бюджет қызметкерлеріне қолдау білдіремін. Бұл – жұмыс үдерістерін оңтайландыруға және әлеуметтік, коммуналдық мекемелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған қадам. Біз жағдайды мұқият қадағалап, туындаған сұрақтар мен ұсыныстарға жедел жауап беретін боламыз, – деді ол.
Ал Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тумашинов бұл өзгерістер өмір сапасын жақсарту үшін маңызды екенін жеткізді.
– Біз әріптестеріміздің өз отбасыларымен көбірек уақыт өткізуіне мүмкіндік беру үшін қолайлы жағдай жасаудамыз. Халықпен кездесіп, жаңа жұмыс кестесі ауданның тұрмыс сапасын жақсартып, еңбек тиімділігін арттыруға септігін тигізеді деген шешімге келдік, – дейді аудан басшысы.
Пікірлер