Өскемен қаласының іргесінде орналасқан Бабкина мельница шағын ауданындағы «Жайлы мектептің» құрылысы аяқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тағайындалғанына 3 айдан астам уақыт өткен Өскемен қаласының жаңа әкімі Алмат Ақышов қала іргесіндегі ауылдарға баруды дәстүрге айналдырды. Күні кеше қала басшысы Бабкина мельница шағын ауданына аяқ тіреп, ондағы тұрғындармен кездесті. Тұрғындардың әкім мен басқармаларға арыз-шағымы, өтініш-тілектері жиылып қалған. Соның бірі, халықты толғандырған мәселе – аудандағы «Жайлы мектеп». Заманауи мектептің құрылысы аяқталса да, әлі қолданысқа бермеген. Қанша жыл бойы аудандағы оқушылар қара орталығынан қатынап оқуға мәжбүр. Жұрт «Жылдар бойы аңсаған, дайын тұрған мектеп неге ашылмай жатыр» деп наразы.
- «Жайлы мектеп» дайын, құрылыс жұмыстары толық бітті. Бүгін ШҚО әкімдігінде жиналыс өтті. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша аталған мектептің құжаттамасы 1-сәуірге дейін аяқталуы тиіс. Мәселенің бәрі құжатқа тіреліп тұр, ал мектеп балаларды қабылдауға сақадай сай, - деді қала басшысы Алмат Ақышов.
Пікірлер