
Желілер жаңармай тұр: Өскемендегі коммуналдық желілердің жағдайы қандай?
Елде тозығы жеткен инженерлік желілерге қатысты қордаланған мәселе көп. Олардың кейбірі 1960-1970-жылдары салынған. Желілерді жөндеу мен жаңғырту жұмыстары тым баяу жүріп жатыр. Жауапты тұлғалар бұл мәселені тарифтерді көтеру арқылы шешуге тырысуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
29 қаңтарда ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің ШҚО бойынша департаменті «Өскемен ЖЭО» және «Шығыс жылу» АҚ тарифтерін көтеру бойынша өтінімдерін мақұлдағаны белгілі болды.
Осыдан бір ай бұрын екі ұйым да қоғамдық тыңдауда қызмет бағасын көтеруді жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді. Осылайша, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында желілер мен жабдықтардың тозуын азайтуды жоспарлап отырғанын хабарлады.
- Қазақстанның коммуналдық инфрақұрылымы жаңғырту мен жөндеуді талап етеді. Өнеркәсіпке жоғары білікті кадрларды тарту үшін жұмысшылардың жалақысын көтеру керек. Бұл шаралардың барлығы қазақстандықтарды сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етпек. Дәл осы себепті елде «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы қолға алынған. 2023-2029 жылдары электр, жылу, сумен жабдықтау және кәріз желілерін жаңғыртуға ауқымды инвестициялар тарту, 2029 жылға қарай тозуды 20 пайызға азайту көзделіп отыр, - делінген EnergyProm.kz. агентігінің ақпаратында.
Сумен жабдықтау желілері
Белгілі болғандай, «Өскемен Водоканал» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны балансында 1084,79 шақырым су құбыры желісі бар. Олар 1949-2024 жылдар аралығында пайдалануға берілген. Осы тұста құбырлардың қызмет ету мерзімі жасалған материалға байланысты екенін ескерген жөн. Полиэтилен мен шойыннан дайындалған құбырлар 50 жыл, ал болаттан жасалған құбырлар 20 жыл жұмыс істейді.
– Соңғы жылдары 40-50 жылдан астам қызмет еткен сумен жабдықтау желілерінде жоспарлы және күрделі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде құбырлардың орташа тозуы 56,72 пайызды құрайды, - деді «Өскемен Водоканал» МКК өкілдері.
Кәсіпорын берген мәліметке сүйенсек, былтыр қала желілерінде 332 апатты жағдай болды. Ал жыл басынан бері дәл осындай 10 факті тіркелді. 2024 жылы сумен жабдықтау 26 рет апатты түрде тоқтатылса, биыл төрт оқиға болды.
Мамандардың айтуынша, құбырларды жаңарту жұмыстары үздіксіз жалғасуда. Биыл Толстой және Жастар көшелерінің учаскелерінде, Стрелка ауданында, Металлург кенті мен Төменгі Согра су алғышында жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Электрмен жабдықтау желілері
Өскемендегі электр желілерінің жалпы ұзындығы 1897 шақырымды құрайды. Олар «Біріккен ЭнергоСервистік Компаниясы» АҚ балансында. Желілердің стандартты қызмет ету мерзімі түріне және өткізгіштердің материалына байланысты.
Анықталғандай, қаладағы желілердің орташа қызмет ету мерзімі 45 жылға жетіп, орташа тозу деңгейі 86,39 пайызды құрады.
Дегенмен «БЭСК» АҚ өкілдері тозу деңгейіне қарамастан, желілердің ойдағыдай жұмыс істеп тұрғанын айтты.
– Өскеменде «ескі» деп айтуға келетін электр желілерінің учаскелері жоқ. Барлығына жүйелі түрде қызмет көрсетіліп, кестеге сәйкес жөнделеді. Қажетті жұмыстары жыл сайын жүргізіледі, - делінген компания ақпаратында.
Дегенмен 2024 жылы 416 технологиялық бұзушылық анықталса, биыл олардың саны 35-ке жетті. Ақаулар нормативтік талаптарға сәйкес белгіленген мерзімде түзетілді.
Сондай-ақ компания өткен жылы 92 шақырымға жуық әуе желісін жөндеуден өткізген. Ал инвестициялық бағдарлама шеңберінде Үлбі, Октябрьский, Меновное және Сол жағалау аудандарындағы алты шақырым желіні қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Биыл тағы 72 шақырым желі жөнделіп, 10 шақырымдық әуе желісі жаңартылады.
Жылу желілері
Өскемен халқын жылумен қамтамасыз етуге «Шығыс Жылу» АҚ жауап береді. Желілердің жалпы ұзындығы 460,7 шақырымды құрайды.
Кварталдық және магистральдық желілердің стандартты қызмет ету уақыты 16-25 жылды құраса, полиэтилен қабықшадағы құбырлардың жарамдылық мерзімі - 30 жыл.
Қазіргі таңда облыс орталығындағы жылу желілерінің тозуы 61 пайызға жетті. Ескірген учаскелер саны – 28. Мәселен, Янушкевич көшесіндегі құбыр бөлігі 1961 жылы пайдалануға берілген. Содан бері ол күрделі жөндеуден өткен жоқ. Ал Тенистая көшесіндегі желінің тағы бір учаскесі 53 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
- Қаңтарда жылу желілеріндегі кемшіліктерді жою мақсатында бір рет өшіру болды. Былтыр 24 жылу желісінің тоқтауы тіркелді, - делінген «Шығыс Жылу» АҚ мәліметінде.
Ал биылғы жылыту маусымында жылу желілеріндегі ақауларға байланысты үйлерге жылу беру 19 рет тоқтатылды.
Желілердің тозуын азайту мақсатында 2024 жылы 29 учаскеде 12,52 шақырым құбыр жөнделді. 2025 жылы жалпы ұзындығы 12,6 шақырымды құрайтын 28 учаскедегі құбырларды ауыстыру жоспарланып отыр.
Аянат МҰРАТБЕКҚЫЗЫ
Фотосурет ашық дереккөзден
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер