Өскемен қаласының іргесінде орналасқан шағын ауданда түйткілі шешілмей жүрген мәселелер көбейген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов Бабкина Мельница шағын ауданының тұрғындарымен кездесіп, оларды алаңдатқан маңызды мәселелерді талқылап, шешу жолдарын сөз етті. Кездесуде коммуналдық шаруашылық пен абаттандыруға қатысты сұрақтар көтерілді.
Тұрғындардың басым көпшілігі ауданда балабақша жоқтығын айтып, қала әкіміне өтініштерін білдірді. Бабкина мельница шағын ауданында балабақшамен қоса дәріханада жоқ.
- Балабақша салуға арналған жер телімі табылды. Десе де аталған жобаны қаржыландырушы инвестор іздестірілуде. Әуелі Бабкина мельница шағын ауданындағы балабақша жасындағы балалардың нақты санын анықтап алуымыз керек. Дәріхана салу мәселесі де дәл солай. Қаржы бөлген инвестор үшін бизнес ақталуы керек, - дейді қала басшысы.
Әкімнің айтуынша, ауданда шағын емхана ашу көзделген. Алмат Ақышов қалалық ТҮКШ, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөліміне емханаға салуға арналған жер табуды тапсырды.
- Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жайлы мектеп маңына бейнебақылау камералары мен жасанды жол кедергілері орнатылады. Сонымен қатар балаларға жайлы орта қалыптастыру мақсатында екі жаңа ойын алаңын орнату жоспарлануда. Тұрғындардың шағымы бойынша қазір мектеп маңындағы жол белгілерін қайта қарауға тапсырма берілді, - деді Алмат Талғатұлы.
Тұрғындар қоқыс шығару және тазалық сақтау мәселесін де талқыға салды «Таза Өскемен» ұйымының басшысына жергілікті базар маңындағы рұқсатсыз қоқыс үйіндісін жою тапсырылды. Бұдан бөлек, мамандар шағын ауданды зерттеп, қар тазалау жұмыстарын тиімді ұйымдастыру жолдарын анықтамақ.
Пікірлер