Биыл облыс орталығында қазақ халқының дәстүрін, мәдениеті мен тарихын насихаттауға бағытталған 300-ден астам іс-шара жоспарланған. Негізгі мерекелік шаралар Республика алаңында, басты киіз үй жанында өтеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
14 наурыз Көрісу күні – Амал мерекесінен басталады, онда дәстүрлі «Көрісу» рәсімі көрсетіліп, мерекелік концерт ұйымдастырылады.
15 наурыз – Қайырымдылық күні аясында Жібек жолы, 44 көшесінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. 12:00-де бас киіз үйде «Әндер» вокалды-аспаптар тобының қайырымдылық концерті ұйымдастырылады. Осы күні «Қоржын» қайырымдылық акциясы басталып, «Өскемен аруы» байқауы өтеді. Бұл байқау 30 наурызға дейін жалғасады.
16 наурыз – Шаңырақ күнінде мерекелік шаралар ауқымды деңгейде жалғасады. 12:00-де Бабкина Мельница ауылында Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шара өтеді. Осы уақытта бас киіз үйде «Қазақфильм» қорының үздік фильмдері тегін көрсетіледі. Сонымен қатар 16-23 наурыз аралығында қаладағы барлық шағын ауданда түрлі мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылады.
17 наурыз – Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күні бас киіз үйде «Мың бір мақал» интеллектуалды викторинасы өтеді.
18 наурыз – Ұлттық киім күні сағат 12:00-де бас киіз үйде қазақстандық дизайнерлердің ұлттық киім үлгілерін көрсетуі өтеді. Сонымен қатар «Ұлттық киім күні» челленджі басталады.
20 наурыз – Ұлттық спорт күні сағат 11:00-де бас киіз үйде асық ату, тоғызқұмалақ, бес тас, қазақша күрес бойынша жарыстар өтеді. 19:00-де Цветочная, 17 көшесінде «Nauryz Quiz» интеллектуалды ойыны ұйымдастырылады.
22 наурыз күні негізгі мерекелік шаралар өтеді. Сағат 11:00-14:00 аралығында орталық алаңда қазақстандық әртістердің қатысуымен үлкен концерттік бағдарлама болады. Қонақтар «Баурсақ пати» байқауы, караоке, спорттық жарыстар, садақ ату, цирктік қойылымдар, қолөнершілер жәрмеңкесі және «Үздік киіз үй» байқауы сияқты қызықты шараларға қатыса алады. Сағат 18:00-21:00 аралығында жұлдызды гала-концерт өтеді, онда қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.
Ал сағат 21:00-де мерекелік отшашу болады.
Пікірлер