
Қар қашан тазаланады: Күршімдегі Үшбұлақ ауылының халқы қардың дұрыс тазаланбайтынына шағымданды
Осы уақытқа дейін жол азабын тартқан талай елді мекен туралы жазған едік. Қытымыр қыстың басты мәселелерінің бірі де – осы. Жеке ауланы былай қойғанда, бүтін бір көше жолы тазартылмай жатады. Бұл қарапайым халықтың мазасын қашырып, әбден әбірге салады. Жасыратыны жоқ, кейбірі өз қаражатына көлік жалдап, тазартып та жатады. Таяуда дәл осындай шағыммен Күршім ауданы Үшбұлақ ауылының тұрғындары хабарласқан еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Омбылап жолдың шетіне шығамыз»
Редакциямызға Күршім ауданындағы Үшбұлақ ауылының тұрғыны Ержан Қалиев (аты-жөні өзгертілген) хат жазып, жол жағдайы туралы жанайқайын жеткізді. Ауыл тұрғынының айтуынша, қар қалың жауса қарапайым халық әуре-сарсаңға түседі. Себебі жол уақтылы күрелмейтін көрінеді. «Жауапты мердігер компания өзіне жүктелген міндетті тиісінше орындамайды» дейді жұрт.
- Біз Үшбұлақ ауылында тұрамыз. Қар түскенде жол дұрыс күрелмей, қиналып қаламыз. Негізі ауыл ішіндегі жолдарды қардан тазалау үшін ұйымдастырылған тендерді Жандос Төлебаев есімді мердігер компания иесі ұтып алған еді. Бірақ тендерді алғалы бері бірде бір рет жол дұрыс күрелмеді. Ауылдың басты көшесін ғана тазалайды, ал қалғаны қар құрсауында. Көшеде көлік кезіксе, омбылап жолдың шетіне шығамыз. Балаларын бөбекжайға апаратын ата-аналар да қиналады. Себебі шанамен жүрудің өзі оңай емес, - деді Ержан Қалиев.
Әкімдік не дейді?
Аталған мәселе бойынша Күршім ауданының әкімдігіне ресми сауалхат жолдаған едік. Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев жолды қардан күреуге қатысты кемшіліктердің барын жасырмады.
- Маралды ауылдық округіне қарасты Маралды, Үшбұлақ, Қыстау-Күршім ауылдарының көшелерін қардан тазалауға мердігер белгіленген. Соңғы аптада қардың көп түсуіне байланысты елді мекендердегі көшелерді қардан тазалау қиындық туғызуда. Осы уақытқа дейін Үшбұлақ ауылының көшелері қардан тазаланып отырды. 13 наурыз күні тағы да техника жіберіліп, ауылішілік жолдарды тазалауда, - дейді ол.
Анықталғандай, ауылда 3 көше бар. Олар Абай негізгі көшесі (ұзындығы 3,5 шақырымды құрайды), Береговая және Горная қысқа көшелері.
- Ауылдағы көшелерді тазалауға, ретке келтіруге жауапты мердігердің атқарған жұмыстары ауылдық округ әкімдігі мен Күршім ауданының сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан үнемі бақыланып отырады, - деп толықтырды аудан әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар ол алдағы уақытта қолға алынатын жұмыстарды тілге тиек етті. Қайрат Зайнолдабекұлының сөзінше, Абай көшесінің 2,2 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
- Ауылда кіші футбол алаңы салынады. Үшбұлақ ауылынан батысқа қарай 5,4 шақырым жерде биіктігі 40 метр болатын антенна-діңгек құрылысын салу жұмыстары аяқталып, елді мекенді сапалы ұялы байланыс жүйесімен қамту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Былтыр блок модульді стансасы және 12 құдық (колонка) орнатылған еді. Қаржы толық бөлініп, нысанның іске қосылуы 2025 жылдың І жартыжылдығында жоспарланып отыр, - деді Қайрат Әзімбаев.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет: Үшбұлақ ауылы тұрғындарынан
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер