Бүгін Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиаданың ашылуы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл спорттық сайыс – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналды және бейбіт аспан, еркіндік пен болашақ ұрпақ үшін жанын аямаған жауынгерлерге деген құрметтің белгісі. Ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов жарыс барысында маусымда республикалық спартакиадаға қатысатын Шығыс Қазақстан құрамасы анықталатынын атап өтті. Бұл дода да Өскеменде өтеді. Сондықтан көрермендер тартысты бәсеке, спорттық рух пен жарқын жеңістерді асыға күтуде.
– Мұндай спорттық іс-шараларға қатысу табандылықты, мақсаткерлікті, жеңіске деген жігерді қалыптастырады. Бұл – кәсіби қызметте жоғары нәтижелерге жету үшін мемлекеттік қызметшілерге қажетті қасиеттер. Сонымен қатар спорт ұйымшылдық пен бірлікті нығайтады, – деді облыс әкімі.
Айта кету керек, Шығыс Қазақстанда жұмыс істейтін 1974 мемлекеттік қызметшінің ішінен 950-і спартакиадаға қатысады. Оның ішінде 175 әйел бар. Олар сегіз спорт түрі бойынша бақ сынайды: футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, арқан тартыс, үстел теннисі, жүзу, шахмат және садақ ату. Нұрымбет Сақтағанов барлық қатысушыларға сәттілік, командалық рух пен керемет көңіл-күй тіледі.
Пікірлер