A+ A A-

talgatzhan 31 10-04-2025, 15:15 0

Өскеменде қаржылық қауіпсіздік бойынша quiz өтті

Бүгін / Өскемен

Зияткерлік сайысты өңір әкімдігінің қолдауымен Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті және С.Аманжолов атындағы ШҚУ ұйымдастырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Quiz-ге Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ, С.Аманжолов атындағы ШҚУ, ҚАЕУ студенттері мен облыстық Жастар ресурстық орталығынан құралған 8 команда қатысты. Ұйымдастырушылардың сөзінше, аймақта алғаш рет өткізіліп отырған шараның мақсаты - жастардың қаржылық қауіпсіздік саласындағы құқықтық сауаттылығын қалыптастыру, экономикалық қылмыстарға қарсы күрес мәселелеріне қызығушылығын арттыру. 

- Бүгін үздік командалар арасында қаржылық қауіпсіздік пен сауаттылық бойынша quiz ойынын өткізіп жатырмыз. Осындай шаралардың арқасында жастар жан-жақты білімді болса екен дейміз. Бұдан бөлек, қаржылық сауаттылық бойынша сурет байқауы жарияланған еді. Келіп түскен 150 жұмыстың ішінен ерекшесін таңдап, марапаттаймыз, - дейді ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Арман Жүнісов. 

Қатысушылар 7 кезең бойы бюджетті жоспарлау, алаяқтықтың алдын алу мен тәуекелдерден қорғану туралы білгендерін ортаға салды. С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлегеннің айтуынша, танымал форматтағы ойын қаржылық қауіпсіздіктің негізгі қағидаларын үйренуге, жеке капиталды қорғауға және қаржылық сауаттылықты дамытуға бағытталған.

- Сайыста жеке қаржы, инвестиция, қаржылық тәуекелдерден қорғану, сақтандыру және банк қызметі туралы 100-ден астам сұрақ қарастырылды. Бұл жастарға өз қаржысын басқару дағдыларын қызықты әрі ойын түрінде дамытуға көмектеседі, – деді Мұхтар Әділбекұлы.

Білгірлер бәйгесінің қорытындысы бойынша үздік командалар анықталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Жүлделі 3 орынды ⁠”Mugalim boys” командасы қанжығасына байласа, 2 орынды “Қаржы сарапшылары” тобы иеленді. Ал 1 орынға “Parasyz profi” командасы лайық деп танылды. 

Айта кетейік, облыста 7-11 сәуір аралығында ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің мұрындық болуымен қаржылық қауіпсіздік бойынша ұлттық олимпиада өтуде. Нәтижесінде жеңімпаздар Ресей Федерациясының Красноярск қаласында ұйымдастырылатын Олимпиаданың соңғы кезеңіне жолдама алады. 

 

Қымбат МУХАМАДИЕВА 

Фотосурет автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив