A+ A A-

talgatzhan 29 17-04-2025, 19:30 0

Самарда 40 жылдан кейін жаңа мектеп салынады

Бүгін / Самар
Самар ауылында 40 жылдан кейін алғаш рет жаңа мектептің құрылысы басталғалы жатыр. Көптен күткен нысанның іргетасы жуық арада қаланып, жоспарға сай жыл соңына дейін пайдалануға берілмекші. Қуаныштары еселеніп жатқан ауыл тұрғындары нысан аумағында уақыт капсуласын салу рәсіміне қатысты.
 
Самар ауылының өзінде жаңа мектеп соңғы рет 47 жыл бұрын салыныпты. Арада жарты ғасырға жуық уақыт өткеннен кейін ғана 150 орынға есептелген тағы бір білім ошағы бой көтермек. 
– Жаңа мектептің салынуы ауданымыз үшін өте қуанышты жаңалық болып жатыр. Аталған жоба аймақ басшысының қолдауымен жүзеге асуда. Қазіргі уақытта жас ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасау – басты міндет. Ауданымызда жыл сайын бірінші сыныпқа қабылданатын балалардың да саны артып келеді. Ауыл тұрғындары бұл мектепті шынымен де көптен күтті. Мәселе ақыры оң шешімін тауып жатыр, – деді Самар ауданы білім бөлімінің басшысы Руслана Қуатқызы.
Шынында да, көптен күткен қуанышты сәтті аудан тұрғындары тағатсыздана күтіп жүр. Себебі Самар ауылындағы мектептердің бірінің қабырғасы қақырай бастағаннан кейін, оқушылар №1 Самар орта мектебінде екі ауысыммен оқуға мәжбүр болған еді. Енді бұл мәселе жыл соңына дейін толық шешімін таппақ.
– Самар ауылында жаңа мектеп салынғалы жатыр. Енді балаларымыз жаңа мектепте оқитын болды. Білім сапасы да жақсарады. Ауданымызға өзге өңірден қаншама жас отбасылар келіп жатыр. Қуанарлығы мектептен таршылық көрмейтін болдық. Аудан тұрғындарының өтінішін, сұрауын қанағаттандырып, білім ошағын салуға қолдау көрсеткен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановқа алғысымыз шексіз. Балаларымыз алаңсыз білім алса, бізде алаңсыз боламыз, – дейді Самар ауылының тұрғыны Зарина Рахимова.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив