A+ A A-

talgatzhan 45 Кеше, 16:30 0

ШҚО әкімі Астанадағы парадқа қатысқан ардагерлермен кездесті

Бүгін / ШҚО / Басты

Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов Астанадағы әскери парадқа қатысқан Ұлы Отан соғысының ардагерлері және тыл еңбеккерлерімен салтанатты кездесу өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Елордада өткен парадқа соғыс ардагері Құрмат Рахымов, тыл еңбеккерлері Юрий Новолоцкий, Күлзағи Алиханова және Елена Ступак барып қайтты.

«Астана – Өскемен» рейсін орындаған ұшақ жолаушыларына бортта ардагерлер мен тыл еңбеккерлері бар екені хабарланып, олардың бірінші болып шығуын ұйымдастырды.

Ұшақтан түскен кезде ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін облыс әкімі әскери оркестрдің сүйемелдеуімен гүл шоқтарын тапсыра отырып қарсы алды.

– Құрметті ардагерлер мен тыл еңбеккерлері! Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер – ерліктің, батырлық пен жанқиярлықтың тірі куәгерісіздер. Сіздердің арқаларыңызда біз бейбіт аспан астында өмір сүріп, болашақ құрып, жас ұрпақты патриоттық және әділеттілік рухында тәрбиелеп келеміз. Сіздердің ерлік пен еңбектегі жетістіктеріңіз ешқашан ұмытылмайды. Өңіріміз бен еліміздің дамуына қосқан үлестеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Әр күніңіз мейірім мен құрметке толы болсын, – деді өңір басшысы.

Облыс әкімі бастаған делегация VIP терминалға өтіп, әскери жылдардағы әндерінің әуенімен әңгімелесу, шай ішу, сыйлық табыстау және естелікке суретке түсу рәсімі өтті.

Өскемендік ҰОС ардагері,100 жастағы Құрмат Рахымұлы 1942 жылы жалпы әскери бөлімдерге шақырылған. Ол 1-Балтық және 3-Беларусь майдандары құрамында Литва, Беларусь елдерін азат етуге, Кёнигсберг қаласын алуға қатысқан. Жеңіс күнін Кёнигсбергте қарсы алған. Соғыстан кейін Каменец-Подольск қаласындағы әскери училищені аяқтап, Түрікмен-Иран, Қазақ-Қытай және Кеңес-Жапон шекараларындағы шекара әскерлерінде қызмет еткен. 1955 жылы әскерден босаған соң Өскеменге көшіп келіп, облыстық ІІБ бастығының орынбасары болып қызмет атқарған. 1981 жылы зейнетке шықты.

Жауынгерлік еңбегі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Кёнигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Ерлігі үшін» медальдарымен және басқа да мерейтойлық наградалармен марапатталған. Биыл 17 маусымда ардагер 101 жасқа толмақ.

Серебрянск қаласында тұратын тыл еңбеккері, 88 жастағы Юрий Васильевич жас кезінен еңбекқорлығы және жауапкершілігімен көзге түскен. Еңбек жолын «Вулкан» колхозының сүт фермасында бастайды. Мал бағып, бұзау қарап, кейіннен ұстаның көмекшісі болған. 1949 жылы анасымен бірге Зайсан қаласына көшіп, мектеп бітіреді. Кейін электромонтер, тәрбиеші болып жұмыс істейді,  ішкі істер органдарына қызметке орналасады. Юрий Васильевич көптеген мемлекеттік марапатқа ие, соның ішінде «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалі бар.

Катонқарағай ауылында тұратын 88 жастағы тыл еңбеккері Күлзағи Алиханова ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, аудандық АХАТ бөлімінде, газетте жұмыс істеген. Сырттай педагогикалық институтты бітіріп, мектепте мұғалім болып қызмет еткен. 5 бала тәрбиелеп, 12 немере сүйіп отыр.

Глубокое кентінің тұрғыны, 1 мамырда 93 жасқа толған тыл еңбеккері Елена Владимировна 1939–1946 жылдары Глубокое орта мектебінде оқи жүріп, сыныптастарымен бірге колхоз егістігінде еңбек еткен. Кейін Өскемен педагогикалық техникумын аяқтап, Глубокое аудандық комсомол комитетінде, балабақшаларда, Ертіс мыс қорыту зауытында жұмыс істеген.

Кездесу соңында әр ардагерге жайлылығы жоғары жеке көлік бөлініп, үйлеріне дейін жеткізілді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив