
Асығыстық ажал әкеледі: ШҚО-да жылдамдықты асыратын жүргізушілердің кесірінен жол апаттарының саны артты
Соңғы жылдары өңірде көлік жүргізушілері жасарып, жылдамдыққа деген құмарлық артып келеді. Бүгінде рөлде отырғандардың арасында 18-20 жастағылар көп. Олар үшін көлік тек жеткізу құралы емес, өзін көрсетудің, «батыр» болудың бір тәсіліне айналғандай. Алайда сол бір сәттік мақтанның арты орны толмас өкінішке ұласып жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сақ жүрсең – сау жүресің
Көлікті тізгіндеген әр адам жауапкершілік жүгін арқалап отыр. Себебі оның басқаруындағы темір тұлпар – дұрыс қолданбаса, қауіп көзіне айналады. Қазіргі қоғамда көлік – тек қатынау құралы ғана емес, өмір ырғағының ажырамас бөлігіне айналған. Алайда көлік саны артқан сайын жолдағы тәртіпке қатысты мәселе де күрделене түсуде. Қазақстанда жыл сайын тіркелетін мыңдаған жол-көлік оқиғасы соның дәлелі. Осы апаттардың көпшілігінің басты себебі – жүргізушілердің белгіленген жылдамдықты сақтамауы. Жүргізушілер арасында уақыт үнемдеймін немесе жолда бос тұрғым келмейді деген желеумен жылдамдықты арттыру кең тараған. Ал бұл әрекет керісінше, өмірді тәуекелге тігу екенін көпшілігі аңғармайды.
– Кейде таксиге отырмас бұрын: «Балам, жай жүрші, асығар ештеңе жоқ» деп ескерту айтатынымыз бар. Әңгіме арасында да: «Баратын жеріміз бізді өзі күтіп алады, асықпайық» деп отырамыз. Бірақ көп жүргізуші мұны түсінгісі де келмейді. Өкініштісі, бүгінде жылдам жүруді батырлыққа балап жүргендер аз емес. Әсіресе, жастар арасында бұл әдет жиі кездеседі. Шыны керек, кейде бір көлікті озғанда жүрегіміз аузымызға тығылады. Жол бойында жүйткіген темір тұлпарлардың арасында өз өмірің үшін алаңдамай отыра алмайсың. Ал ескертсең, тыңдағысы келмейтін жүргізушілердің бары да шындық. «Сақтықта қорлық жоқ» дейді халқымыз. Бұл сөз – бүгінгі күннің өзегіне айналғандай. Асығыс жүріс – ажалға апарар баспалдақ екенін ұғынатын уақыт келді!, - деді қала тұрғыны Жарқынай Мырзабекова (аты-жөні өзгертілген).
Жылдамдықты емес, жауапкершілікті таңда
Көшеге шықсаң, көз алдыңнан зулаған көліктер зу етіп өте шығады. Жол бойы темір тұлпарға толы. Ең таңқаларлығы, рөлде отырғандар арасында 18-20 жастағы жастар көп. Иә, ережені сақтап, байыппен жүретіндері де бар. Бірақ көбісі – жүйріктей желіп, тордан шыққан құстай ұшады. Жас жүргізуші Аман Төлегенов бұның себебін түсіндірді.
– Көлік тізгінін алғаш ұстаған жас жігіт жылдамдықты арттырып, адреналин алғанды жақсы көреді. Бұл – оның ішкі жастығының, бойындағы тасыған энергиясының көрінісі. Кейде бұл әрекет “понт” үшін де жасалады. Біреу көрсін, біреу қызықсын деген ой көкірегін билейді. Қыздардың назарын аударғысы келіп, көлігін сәндеп, музыка дауысын көкке жеткізетіндер де бар. Арасында сол үшін ақшасын аямай жұмсайтындар кездеседі, – дейді ол.
Алайда мұндай сәттерде “қауіпсіздік қайда қалды?” деген сауал көлденең шығады.
– Көпшілік емес, бірақ біразы жол ережесін елемей кетеді. Соның салдарынан талай жас өксікпен өмірден кетіп, кейбірі темір арбаға таңылып жатыр. Бір сәттік босаңсу бүкіл өмірге әсер етуі мүмкін. Сондықтан асықпаған абзал. Қатты жүру – ерлік емес. Өзің мен өзгенің өміріне деген жауапкершілікті сезіну керек. Қыз көңілін көлікпен емес, көркем мінезбен табасың. Шын сүйетін жанға жағдайың емес, жан-дүниең қымбат болады. Сондықтан ақылмен жүрейік, ағайын!, – деп Аман сөзінің соңын кеңеспен түйіндеді.
Жол апаты артты
ШҚО Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша осы жылдың төрт айының өзінде 300-ден астам жол апаты болған.
- Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда артып отыр. Дегенмен, арнайы жасалған талдау нәтижесінде биыл жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза болғандар санының азайғаны байқалады. Өкінішке қарай, жарақат алғандардың саны керісінше өсу үстінде, - дейді департамент бастығы Ерлан Омарбеков.
2024 жылдың алғашқы төрт айында Шығыс Қазақстанда 15 адам жол апатынан көз жұмған. Бұл сандар бейжайлыққа бой алдыруға болмайтынын тағы бір дәлелдеп отыр. Апаттардың көбі облыс аумағындағы елді мекендерде болған. Бұл – ауылдарда жол қозғалысы мәдениеті мен бақылаудың осалдығын аңғартады.
- Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында әкімшілік шаралар да қатаңдап келеді. 2025 жылдың басынан бері облыс бойынша 60 мыңнан астам жүргізуші жол жүру ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда төмен – былтыр бұл сан 90 мыңнан асқан еді. Демек, тәртіпке шақыруда белгілі бір оң үрдіс байқалады. Сондай-ақ 2024 жылдың алғашқы төрт айында 300-ден астам жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды. Ал биыл бұл сан 280-нен асып отыр. Бұл – жол ережесін өрескел бұзушыларға қатысты қолданылып жатқан қатаң шаралар өз нәтижесін беріп жатқанын көрсетеді, - дейді Ерлан Омарбеков.
Түйін
Жол үстіндегі әр сәт – үлкен жауапкершілік. Жылдамдыққа құмарлық, қысқа сәттік әсер мен көзге түсуге деген ұмтылыс – болмашы ғана әрекет болып көрінгенімен, оның салдары бүкіл өмірді өзгертуі мүмкін. Жастар көлік тізгіндегенде өз өмірінен бөлек, қасындағы жандардың да тағдырын ойлауы керек. Жылдамдық емес, сабыр мен тәртіп – нағыз азаматтың белгісі.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер