Аудан басшысы Серік Жеңісовтің сөзінше, қаңтар-мамыр айлары аралығында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері айтарлықтай өсімге қол жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алғашқы бес айда өндірілген өнеркәсіп өнімі 2 857,4 млн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 127,7%-ға көп.
– Өнеркәсіпте мұндай жоғары көрсеткіштерді тіркеу аудан экономикасының тұрақтылығын және өндірістік қуаты артып келе жатқанын білдіреді. Бұл жаңа жұмыс орындарының құрылуына, халықтың табысын арттыруға оң әсерін тигізеді, – дейді Серік Жеңісов.
Анықталғандай, аудан көлемінде жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеден асатын инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда.
– Бұл жобалар негізінен 8 бағытты қамтиды. Қазіргі таңда Самар, Сарыбел және Миролюбовка ауылдарында көше жарығы орнатылып жатыр. Көкжота, Көкжыра, Самар және басқа ауылдарда орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңажол мен Қаратөкөл ауылдарындағы клуб үйлері жөнделіп, Палатцы ауылында антенна-мачта орнатылуда. Бұқтырма су қоймасы жағалауында электр желілері сатып алынып, жылу желілері мен су қоймаларына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді әкім.
Шағын және орта бизнеске тоқталсақ, 2025 жылдың 1 маусымына қарай ауданда 903 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелді. Оның ішінде заңды тұлғалар – 60, жеке кәсіпкерлер – 419, шаруа қожалықтары – 424.
Пікірлер