21 маусым күні облыстық драма және оперетта театры сахнасында Иран – Ғайып Оразбаевтың шығармасы желісі бойынша «Алтын Ажал» атты драмалық қойылымының шымылдығы ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қойылым — ұлттық рухты жаңғыртатын және тәрбиелік мәні терең туынды. Кешке келген көрермен сахналық композициядан ерекше әсер алды. Қойылымда алауыздық пен бірліктің, ананың қасиеті мен ұлттық болмыстың сипаты шебер көрсетілді.
- Бүгін театр сахнасында керемет қойылым тамашаладық. Біз ата-бабаларымыздың қандай ақылды болғанына тағы куә болып отырмыз. Осыншама ұлан-ғайыр жерді сақтап қалу, әрине, найзаның ұшымен, білектің күшімен, бірақ бастысы біліммен іске асады. Білекті бірді жықса, білімді мыңды жығады. Қаншама қиын қилы замандардан өтіп, осындай бейбіт күнге жеттік. Оның артында ілім тұр. Сондықтан көзі ашық азаматтардан үлгі алып, алға жылжи берейік, - деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Қойылымның қоюшы режиссері — Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ахманов. Театр ұжымы мен қоюшы режиссердің және басқа да майталман мамандардың арқасында бұл спектакль халық жүрегіне жетті.
- Барша келген көрерменге алғысымды білдіремін. Мен өзім 60-тан астам пьеса жазған адаммын. Соның 50-ге жуығы сахналанды. Мұрат Ахманов менің 8-ші драмамды қойып тұр. Бұл шығармамның, жалпы қойылымның мағынасы да сонда. Ауызбіршілігі жараспаған халық болмайық, бұл аурудың алдын алайықшы деген ой. Осы театрдың қара шаңырағын құлатпай келе жатқан Өскеменнің ұл-қыздары аман болсын, - дейді шығарма авторы Иран – Ғайып Оразбаев.
Премьераны тамашалауға келген көрермендер қойылымның идеясы мен орындаушылық шеберлігіне жоғары баға берді. Театр ұжымы бұл қойылым арқылы көрерменге терең ой салып, бірлік пен ынтымаққа деген құрметті оята білді.
- Бүгінгі қойылым үлкен мәселені көтеріп отыр. Көрермен ретінде айтатын болсам тақырыбының өзі қойылымның идеясын ашып тұр. Мұхтар Әуезов бұл туралы шығарманың тақырыбы сол шығарманың түйіні деп айтқан екен. Бұл бізге үлкен тәрбие беретін шығарма дер едім, - деді жазушы Тоқтар Мағзұмов.
Қойылым соңында жиналған халық ду қол шапалақ ұрып, театр ұжымына құрмет көрсетті.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер