A+ A A-

talgatzhan 31 22-07-2025, 14:10 0

Таланттарды тәрбиелеу – игі іс

Бүгін / Руханият

Еліміз егемендік алған сонау тоқсаныншы жылдары айтыс өнері кенжелеп, енді ғана қолға алына бастаған шақтарда ел ішінде суырып салма айтыс ақындарын табу қиын еді. Ауыл арасында тойларда өзара айтысып жүрген ақындарды сахнада өнер көрсетуге бейімдеу, тақырыптық айтыстарға баулу, көкіректен сапалы жыр шумақтарын суырып шығаруға дағдыландыру үшін ақындар мектептері ашылып жатты. Тоқсаныншы жылдары Шығыс Қазақстанда құрылған ақындар мектебінің бас ақыны Серікхан Жақиянов, Абай Кәкенов ағалары соңдарынан ерген жас ақындарды айтыс өнеріне баулып, өздерімен бірге айтыстарға салып жүген-ді. Шығыста айтыс өнерінің дамуына шексіз үлес қосқан тарбағатайдың қос дүлділінің шәкірті, Шығыс Қазақстанның атынан республикалық айтыстарға қатысатын сауаты мықты, тарихты, ел мен жердің ерекшеліктері мен адамдарын жырлауда өтімді де тапқыр, тұщымды да шымыр шумақтармен көрермен көзайымына айналған жас ақын Құралай Әлкенбаева-Камалиева - жұдырықтай ақын қызымыз өзінің туа бітті талантымен тасты жарып шыққан қызғалдақтай республикалық айтыстардың бірінде бас жүлде автокөлікті ұтып келді. Ер-азамат ақындардың ортасында жүрген жалғыз тал Құралай Камалиева айтыста өз мақамы бар, шешен тілді, сөздік қоры сапалы ақын болып қалыптасты. Облыста өтіп жататын айтыстар мен ән байқауларында Құралай ақынның домбырасын күмбірлетіп үн қосып жүретін шақтары көп еді. Кейіннен кітапханада қызмет ете жүріп, өзі пір тұтқан ақындық өнердің қыр-сырын жас өрендерге үйретіп, сөзі шымыр ақын болып қалыптасуларына қолдау білдіру мақсатында жас ақындар үйірмесін құрды. Облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында Құралай Камалиеваның ұйымдастыруымен түрлі поэзия кештері, ақындардың талқылау кештері, қайым айтыстар жиі өте бастады. Өнерге жанашыр жас Құралай өзінің қолы жетер жерге дейін жастайынан талай додасына түскен айтыс өнерінің шашбауын көтеріп, кітапхана қабырғасында болсын, жеке дара болсын, бүгін өзі қызмет етіп жүрген білім саласында болсын үнемі жылт еткен таланты бар жас ақындарға уақытын бөліп, айтыс өнеріне қызығушылық танытқан жас жеткіншектерге білгенін үйретіп, шеберлік-сыныптарын өткізуді жалғастырып келеді. Бүгінде Құралай Камалиева «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған, халықаралық айтыс ақындары мен термешілер одағының мүшесі. Шығыста «Айтыстың ақ шалағаласы» атанған Құралай ақын шығармашылық бағыттағы қоғамдық бірлестіктермен, мектептермен тығыз қарым-қатынаста. Шығыс Қазақстан облыстық телеарнасының таңғы бағдарламаларына, кітапханада, мектептерде, аудандарда өтіп жататын іс-шараларға жиі қатысып, айтыскерлігімен қоса алып жүрген әншілік өнерімен де көрермендерінің көзайымына айналған. Өткен жылдары Алматы облысында «Анаға құрмет» музейінде Құралай Камалиеваның бастамасымен «Айтыскер аналардың ізімен» атты өте қызықты, елді елең еткізген шығармашылық кеш өткізілді. Бала тәрбиесі, үйдің таусылып бітпейтін шаруасымен қоса жалақы алып отырған қоғамдағы қызметі бар ақын әйелдің өнерге жанашыр жүрегі табиғатымен қоса жаралған ақындық өнердің өшіп қалмауын қадағалап, үнемі жандандырып, түрлі кездесулер мен шағын айтыстар ұйымдастыру арқылы өзіне де өзгеге де қамқорлығын тоқтатқан жоқ. Бұрнағы жылдары Шығыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында қызмет етіп жүргенде жас ақындарды қолдау мақсатында «Ақтаңгер» атты көлемді жоба жасап ШҚО мәдениет басқармасына өткізген-ді, алайда қаржылық қолдау таппай қалған болатын. Өткен жылы осы жобасын қайта көтеріп еді. Жоғарыда атап өткен «Аналарға құрмет» музейінің директоры Әбішева Гүлнара Бақытқалиқызы мен аталған музейдің іргесін қалаған Шпекпаева Бақыт Жатқанбайқызы Құралай Камалиеваның бастамасын қолдап, Алматы облысында «Айтыскер аналардың ізімен» атты шығармашылық кешін ұйымдастырды. Құрылғанына он жылдан асқан Алматы облысы, Қарасай ауданының орталығы Қаселең қаласындағы «Анаға құрмет» музейінің бүгінде өткізіп жатқан іс-шаралары «Ана» атты құдіретті дәріптеуде өнеге аларлық-ақ ізгі шаралар екенін тілге тиек ету орынды деп санаймын. Сонау шығыста жатқан ақын Құралай Камалиева мен Алматы облысындағы осы музеймен арадағы шығармашылық байланыс әлі де талай тамаша шаралардың өтуіне мұрындық болары сөзсіз. Өйткені, Құралай Камалиева тамаша айтыскер ақын, тәлімгер ғана емес, мықты ұйымдастырушы. Екі облыстың арасындағы шығармашылық көпір салып жатқан Құралай ақынның өнердегі игі ісі деп білемін.

Айтыс өнері вокал, би, дәстүрлі ән сияқты іс-шараларға жиі тартылатын өнер саласы емес, оған ешкім оқытпайды, оқуы жоқ, тек қанға туа бітетін тылсым өнер. Сондықтан оны табиғатында ақындық, суырып салма өнері бар ерекше ақындар ғана дамытып, жылт еткен таланты бар жастардың бойындағы ұшқынды лаулата жандыруға бағыт-бағдар бере алады. Ббойында ақындық дарыны бар, құлшынысы бар жас таланттарды танып, тәлімгер-ақын ретінде тәжірибесімен бөлісіп, айтыс өнерінің жанашыры болған Құралай Камалиеваның ісіне Алла берекетін берсін! Кім көрінгенге қона бермейтін ақындық өнердің шыңына шәкірттерін жетелеп өрлей берсін!.


Гүлжан Казимова, 

прозашы, Шығыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы директорының орынбасары

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив