5 тамыз күні Өскемен әкімі Алмат Ақышов жұмыс сапары аясында қаладағы бірқатар нысанды аралады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сапардың алғашқы нүктесі – Шешек жаяу жүргіншілер аймағы болды. Мұнда қала басшысы аталған аумақты абаттандыру жоспарымен танысты.
- Қазір жарықтандыру мәселесін шешу үшін жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Артымызда тұрған электр сымдары жарамайды, сондықтан тартатын жерді өзгерту керек. Электр сымдары қосылып, жарықтандыру мәселесі реттелген соң қауіпсіздік үшін камералар да қойылады. Бұл мәселені шешуге мемлекеттік бюджеттен емес, жалпы конкурстық негізде тендер ұтып алушыны таңдап, соған тапсырамыз. Артынан дау туындамау үшін осы дұрыс шешім деп ойлаймын, - деді Алмат Ақышов.
Мердігер компания өкілінің айтуынша, Шешек аймағындағы абаттандыру жұмыстары мамырдың аяғында басталған. Жобаның толық аяқталу уақыты тамыз айына жоспарланған.
- Қазір электр тоғын жүргізу жұмыстары ғана қалды. Оны ертең немесе арғы күні бастаймыз, толығымен аяқталуы қаржыға байланысты. Аталған жобаға 30 қызметкер жұмылдырылды. Асфальт төсеу, брусчатка салу, демалу орындарын құру бойынша жұмыстар жүргізілді, - деді "Invester" ЖШС өкілі Ерлан Әубәкіров.
Шешек – қала тұрғындары мен қонақтары үшін серуендеуге қолайлы аумақтардың бірі. Тұрғындардың айтуынша, бұл жердегі жаңа өзгерістер көңілге көп-көрім демеу.
- Шешекке алғаш рет келдім. Балаларға арналған арнайы алаңның ашылғаны, демалыс аймағының құрылуы көңілге қуаныш сыйлайды. Қала әкіміне рахмет, осындай жақсы жерлер ашыла берсін, - деді қала тұрғыны Арман Сайлауханов.
Шаһар басшысы жұмыс барысын егжей-тегжейлі қарап, мердігер мекемеге жұмыстың сапасы мен мерзімін басты назарда ұстауды тапсырды.
Пікірлер