
Биылғы басты бастамалар: ШҚО қала, аудандарын қандай өзгерістер күтіп тұр?
Соңғы жылдары өңірде бірнеше бағыт бойынга өзгерістер байқалып келеді. Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау саласы бар. Өзекті мәселелер де қамтылған. Негізгі мақсат – облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру. Осыған байланысты өңірдегі жағымды өзгерістерге тоқталып, әр қала мен аудан жайында мәлімет ұсынамыз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Риддер қаласы
Қала әкімдігінің ресми ақпаратынша, бірегей табиғи ресурстармен байланысты басым әрі әлеуетті салалардың бірі – туризм. Шаһарда туристік бағытты дамытуды көздейтін, аймақтың тартымдылығын арттырып, демалыс инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған «Анатау» атты жыл бойы жұмыс істейтін тау шаңғысы курортының құрылысы жүріп жатыр. Жоба аясында тау шаңғысы трассасын салу, шаңғы тебуге арналған жолдарды жабдықтау және көтергіштерді орнату жоспарланған.
Аталған бастама жыл бойы тұрақты жұмыс істейтін туристік нысан қалыптастырудағы маңызды қадам ретінде қарастырылып, қаланың экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етпек.
Бұдан бөлек, биыл Риддерде футбол және баскетбол алаңын орнату жоспарланған. Бұл нысандар спортпен шұғылдануға мүмкіндік беріп, қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасайды. Тәуелсіздік даңғылын қайта жаңғырту жобасын іске асыру да басталды, бұл көлік қозғалысын жеңілдетіп, қаланың көркін жаңартуға бағытталған.
Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында жалпы ауданы 3280 шаршы метр болатын 22 жеке тұрғын үй (43 пәтер) салынып жатыр. Онда мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтар қоныстандырылмақ.
Сонымен қатар осы жылы кеншілер қаласында аулаларды абаттандыру аясында төрт балалар ойын алаңын орнату жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жабдық орнатуға арналған бетон іргетасын құю аяқталды. Осылайша, алдағы уақытта балалардың қауіпсіз әрі көңілді ойнауына жағдай жасалмақ.
Самар ауданы
Белгілі болғандай, 2017 жылы Самар ауылында «Ауылдық елді мекендерді сумен және су бұру жүйелерімен қамтамасыз ету жүйесін дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында су құбырларын қайта жаңарту жұмыстары басталды. 8 жылға есептелген бұл жоба биыл аяқталмақ. Оның басты мақсаты - ауыл тұрғындарын 100% таза ауызсумен қамтамасыз етіп, үйлерді орталық су жүйесіне қосу арқылы халықтың тұрмыс сапасын жақсарту.
Ал 2020 жылы жоғарыда аталған ауылда су тарту құрылыстарын жаңғырту жобасы басталған еді. Бұрынғы құрылғылар жаңа абоненттердің қосылуына байланысты жүктемені көтере алмай, орталық су жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне қауіп төндірді. Енді тиісті жұмыстар биыл аяқталады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, Палатцы ауылында ұялы байланыс және интернет желісі мүлде болмағандықтан, антенна-мачталық қондырғы салынуда. Бұл жоба – халықты заманауи байланыс құралдарымен қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болып, тұрғындардың ақпаратқа қолжетімділігін арттырып, қашықтан білім алу мен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Биыл республикалық «20 заманауи мектеп» бағдарламасы аясында Самар ауылында 150 орындық жаңа білім ордасының құрылысы басталды. Онда футбол және волейбол алаңдары, заманауи спорт залы мен балалар алаңы қарастырылған. Игі бастама ауылдағы білім беру мекемелеріне түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, балаларға сапалы білім алу, денсаулығын нығайту және жан-жақты даму үшін қолайлы жағдай жасайды деп күтіледі.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мақсатында Бастаушы, Құлынжон, Көкжота, Көкжыра, Самар, Ақкала, Мариногорка және Сарыбел ауылдарының көшелеріне орташа жөндеу және асфальт төсеу жұмыстарына қаражат бөлінген еді. Сонымен қатар Новостройка, Көкжыра және Қараөткел ауылдарына апаратын кіреберіс жолдар да қалпына келтіріліп, көлік қатынасы жеңілдеді.
Бұдан бөлек, аудан аумағында ұзаққа созылған үш құрылыс нысаны бар. Атап айтқанда, Ақкала, Құманжон және Көкжыра ауылдарында орталық су құбырлары тартылмаған. 2025 жылы облыстық бюджеттен аталған елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында су жүйелерін жөндеуге қаржы бөлінді. Тиісті жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Тарбағатай ауданы
Аудан әкімдігі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, биыл 30 сәуірде Ақжар ауылының орталық стадионына қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Қайта жөндеу жұмыстарының нәтижесінде стадионның жүгіру жолақтары мен жасанды жасыл төсеніштері жаңартылып, көрерменге арналған трибуна толық жөнделді. Алдағы уақытта стадион аудандық жарыстар мен спорттық шараларды өткізуге мүмкіндік береді.
Биыл 1 Маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ақжар ауылындағы Қабанбай батыр саябағында жаңа аллея ашылды. Отбасылық демалыс алаңында балалар үшін қауіпсіз әрі заманауи ойын алаңдары, субұрқақ, орындықтар мен тынығуға арналған кеңістік бар.
Бұдан бөлек, биыл Ақжар ауылында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына мониторинг жүргізілді. Жобаның құны – 911,205 млн теңге, ғимараттың жалпы ауданы – 1284 шаршы метр. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 19 адам мен 7 техника жұмыс істеуде. Мұнда 627,2 шаршы метр шағын футбол залы, 250,7 шаршы метр бокс және күрес залы және 90,7 шаршы метр жаттығу залы бар. Сонымен қатар жуынатын, киім ауыстыратын бөлмелер, дәрігер мен жаттықтырушыларға арналған кабинеттер, ойын алаңы мен спорт инфрақұрылымы қарастырылған.
Белгілі болғандай, биыл Ақжар ауылының Абай және Атаусыз көшелеріне 138 млн теңгеге 1,650 шақырым асфальт төселмек. Мердігер – «Өскемен Тазалық» компаниясы. Тиісті жұмыстар осы айда аяқталады деп жоспарланған.
Ал Жаңаауыл және Құйған ауылдарында «Күшті өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2023 жылдан бері су құбыры жүйесін қайта жаңартылуда. Ауқымды инфрақұрылымдық жобаның жалпы құны Жаңаауыл ауылы бойынша 410,1 млн теңгені, Құйған ауылы бойынша 427,1 млн теңгені құрайды. Жобаны «Уеиверсалстроисервис» ЖШС мердігер ұйымы жүзеге асыруда. Өткен жылы өңірлік бюджеттен Жаңаауыл ауылына 42,2 млн теңге, Құйған ауылына 44 млн теңге қарастырылып, толық игерілді. Биыл республикалық бюджеттен Жаңаауыл ауылына тағы 178 млн теңге, Құйған ауылына 181,1 млн теңге бөлінді.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосуреттер ашық дереккөзден
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер