8 қарашада қазақстандық скрипкашы-виртуоз, дирижёр, әлемдік деңгейдегі музыкант Марат Бисенғалиев алғаш рет Өскеменге келіп, ШҚО әкімі симфониялық оркестрімен бірге бір сахнада ерекше концерттік бағдарламасын ұсынады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Марат Бисенғалиев – әлемнің барлық елінде танымал тұлға, әлемдік деңгейдегі виртуоз-орындаушы, халықаралық мәдениетке қосқан үлесі үшін алтын дисктердің, көптеген мемлекеттік марапаттардың иегері.
Әлемге әйгілі Naxos, MarcoPolo, EMI және Sony BMG дыбыс жазу компанияларымен әріптестіктің нәтижесінде Марат Бисенғалиевтің жазбалары дүниежүзілік музыкалық мәдениеттің қазынасына енді.
Британдық «The Times» газеті Марат Бисенғалиевті «жарқыраған скрипка солисі» деп атады, ал америкалық «Fanfare» журналы оны заманауи Изаи деп бағалады.
«The New York Times»: «Ол XIX ғасырдың басындағы скрипкалық шеберліктің айрықша ерекшелігі болған орындаушылық стильдің жарқын жақтаушысы. Бұл стиль көптеген жылдар бойы құрғақ әрі рационалды бағыттардың көлеңкесінде қалып қойып, қазір қайта жаңғыруда», – деп жазады.
Марат Бисенғалиев әлемнің үздік оркестрлерімен концерт беріп жүр: Корольдік филармониялық оркестр, Лондон симфониялық оркестрі, Берлин симфониялық оркестрі, Варшава филармониялық оркестрі, Польша халық радиосының оркестрі, BBC Scosh, The Philharmonia, RTVE Madrid, Мәскеу симфониялық оркестрі, Украина ұлттық симфониялық оркестрі, BBC Ulster, Ирландия ұлттық симфониялық оркестрі, Бейжің симфониялық оркестрі және басқа да көптеген ұжымдармен Carnegie Hall, Royal Albert Hall, Royal Festival Hall, Barbican, Wigmore Hall, Bridgewater Hall, Waterfront, Sheffield City Hall сахналарында, Дублин мен Лидстегі «Last Night of the Proms» концертінде өнер көрсеткен.
ШҚО әкімі симфониялық оркестрі – 2002 жылы Сергей Косачевтің бастамасымен және облыс әкімінің қолдауымен құрылған шығармашылық ұжым. Оркестрдің құрамына Шығыс Қазақстандағы халық әртістері Абдуллиндер атындағы өнер училищесінің педагогтары мен үздік студенттері, балалар музыкалық мектептерінің оқытушылары кіреді. Оркестрде құрылған күннен бастап еңбек етіп келе жатқан музыканттар да үлкен беделге ие: Ирина Карпеева, Анна Белецкая, Татьяна Гавриленко, Әльмира Сүлейменова, Татьяна Ходько, Николай Глушков және Владимир Андреев.
Қазіргі таңда оркестрдің шығармашылық белсенділігі бәсеңдеген жоқ. Бұл – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, оркестрдің бас дирижёры Александр Галсановтың еңбегі.
Концерт бағдарламасы:
Karl Jenkins:
Palladio (Allegretto, Largo, Vivace)
5 season
Zagipa
Air
«Сарықыз», үш бөлімді скрипкалық концерт
Edward Elgar:
Salut d’Amour
Serenade
In Hammersbach
Isaac Albeniz:
Asturias
Fritz Kreisler:
Praeludium and Allegro
Пікірлер