
Тұрғындар тағатсыздана күткен құрылыс: Самар ауылында 150 орындық жаңа мектеп салынып жатыр
Самар ауданының орталығында соңғы 40 жылда алғаш рет жаңа мектеп бой көтеруде. Ресми ақпаратқа сәйкес жаңа білім ордасы екі қабатты, құрылыс ауданы – 1663 шаршы метрді құрайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Атқарылған жұмыс 60 пайызға жетті
Бұл жоба ауыл инфрақұрылымын дамытуға арналған кешенді бағдарламаның бір бөлігі болып саналады және облыс аймақтарындағы білім сапасын арттыруға бағытталған. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында жұмыстар қызу жүріп жатыр: аумақ тазартылып, іргетас қазаншұңқыры дайындалған, жұмысшылар шатырлауға кіріскен. Ал бірінші қабатта әрлеу жұмыстары басталды. Жалпы, құрылыстың 60 пайызы орындалған. Жоспарға сәйкес мектеп құрылысы осы жылдың желтоқсан айында толық аяқталады. Жаңа білім ордасы екі қабатты, құрылыс ауданы – 1663 шаршы метрді құрайды. Құрылыс көлемі де ауқымды – 20 мың текше метрден асады. Ғимарат жобалау кезеңінде қауіпсіздік, энергия тиімділігі және инклюзивті ортаға қатысты барлық заманауи талапқа сай салынуда.
Аудан білім бөлімі ақпаратынша, мектеп 120 бастауыш сынып оқушысы мен 30 мектепке дейінгі даярлық тобының тәрбиеленушілеріне арналған. Ерте жастағы білім беру мәселесіне ерекше мән беріліп отыр: балалар енді басқа ауылдарға қатынамай-ақ, өз елдімекенінде тұрақты білім алатын болады. Білім ошағында спорт зал, шағын балабақша, заманауи оқу кабинеттері мен шығармашылық бағыттарға арналған бөлмелер қарастырылған. Жобаның тағы бір маңызды ерекшелігі – инклюзивті ортаға баса назар аударылуы. Мүмкіндігі шектеулі балаларға пандустар орнатылып, арнайы жабдықталған сыныптар мен санитарлық тораптар әзірленеді. Оқушыларға психологиялық және педагогикалық қолдау көрсету мақсатында логопед, дефектолог және психолог мамандар қызмет атқарады. Мектеп облыстық бюджет есебінен салынып жатыр. Өңір әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасымен қолға алынған бұл жоба ауданның әлеуметтік дамуына тың серпін бермек. Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов жаңа білім ордасының ауыл өмірі үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– Біздің басты мақсатымыз – балалардың заманауи әрі қолайлы жағдайда білім алуына мүмкіндік жасау. Жұмыс бекітілген кестеге сай жүріп жатыр. Барлығы уақытында орындалады деп сенеміз, – деді ол.
Білім сапасы биіктейді
Жаңа мектеп пайдалануға берілген соң, ауыл балалары жайлы әрі заманауи ортада оқуға мүмкіндік алады. Жоба толықтай қазіргі заманғы білім беру стандарттарына бағытталғандықтан, жас ұрпақтың жан-жақты дамуына академиялық білімнен бастап шығармашылық пен спорттық әлеуетін арттыруға дейін жағдай жасалмақ.
Жаңа мектептің салынуы Самар ауылы үшін үлкен жетістік қана емес, болашаққа жасалған инвестиция. Бұл білім ордасы балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жол ашпақ. Құрылыстың аяқталуын ауыл тұрғындары тағатсыздана күтіп жүр. Самарлықтар осыған дейін облыстық, республикалық пән олимпиадаларында үнемі жүлде алып келген. Демек, бұл құрылыс ауданның білім беру жүйесіне едәуір үлес қосары сөзсіз. Айта кету керек, өткен жылы Өскемен, Шемонаиха және Риддер қалаларында, сондай-ақ Глубокое ауданының Белоусовка кентінде барлығы 2100 орындық 5 мектеп пайдалануға берілген болатын.
Ресми ақпаратқа сәйкес биыл өңірде 99 мыңнан астам оқушы білім алса, оның ішінде 9 729 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында 522 білім беру мекемесі жұмыс істейді. Оның қатарында 86 балабақша, 347 мектеп, 29 арнайы мекеме, 23 колледж және 37 қосымша білім беру мекемесі бар. Бұл көрсеткіштер өңірде сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға бағытталған нақты қадамдардың жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.
Баян ӨТЕПҚАЛИ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер