ШҚО Жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлистің айтуынша, Мемлекет басшысының пайдаланылмайтын жерлерді қайтару жөніндегі тапсырмасы бойынша 2022 жылдан бастап өңірде мемлекеттік меншікке 343,3 мың га қайтарылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі биылға 120 мың гектар жерді қайтару туралы жоспар қойды. Бүгінде оның 67%-ы орындалып, 80,3 мың гектар қайтарылды. Осы жылдың 9 айына қайтару жоспары 94,3 мың гектарды құраса, соның 80,3 мың гектары қайтарылды.
- Жерді мемлекетке қайтару бойынша кей аудандарда төмен көрсеткіштер тіркелді. Мәселен, Самар ауданы 1,4 мың гектар Марқакөл ауданында 4 мың гектар жер қайтарылды. Ал жылдық көрсеткіштерге мерзімінен бұрын Алтай және Глубокое аудандары қол жеткізді. Ұлан ауданында 8 айдың ішінде қайтару жоспары толық көлемде орындалып, 9,7 мың гектар жер қайтарылды. Жалпы облыста бұл бағыт бойынша оң динамика байқалады. Алайда артта қалған аудандар жұмысты күшейтуі қажет, - деді ШҚО Жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис.
Қайтару жоспарын орындау шеңберінде қала және аудан мен әкімдері пайдаланылмайтын егістік пен жайылымдық жерлер бойынша материалдар жіберді.
- Алтай, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Үлкен Нарын, Шемонаиха аудандарынан түскен ақпарат бойынша, 56,6 мың гектар жердің 53,8 мың гектары жайылым, 2,8 мың гектары егістік жерлер. Глубокое ауданы мен Риддер, Өскемен қалаларының әкімдіктері «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйесімен жұмыс жүргізуде. Ал Самар және Марқакөл аудандары бұл бағытты қолға алмады, - дейді басқарма басшысы.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер