Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алайда жануарлар арасында бір құтыру ошағы анықталған. Басқарма өкілінің айтуынша, Тарбағатай ауданында ірі қара мен иттен ауру белгілері табылып, онымен байланыста болған адамдарға құтыруға қарсы алдын алу вакцинасының толық курсы жүргізілген.
– 2025 жылдың 9 айында жануарлар тістеп алған немесе жарақат салған жағдайлар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 26%-ға өсіп, 2112 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың 81,6%-ы – иттерден, 16,3%-ы – мысықтардан зардап шеккен. Айта кету керек, залал келтірген жануарлардың жартысынан астамы иесіз болған. Құтыруға қарсы алдын алу шаралары жүргізіліп жатқанына қарамастан, екпеден бас тарту деректері тіркелуде. Мұндай жағдайлар Марқакөл, Глубокое, Тарбағатай аудандары мен Риддер қаласында кездескен, – деді Сәуле Слямғазина.
Облыс аумағында 9 ай ішінде бруцеллездің 18 жағдайы тіркелді, оның бірі жасөспірімнен анықталған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 40%-ға төмен.
– Ауру ошақтарымен байланыста болған 46 адам тексеріліп, біреуінен ауру анықталды. Бруцеллез жұқтыру жағдайларының 88,9%-ы ауыл шаруашылығы жануарларынан, негізінен ірі қарадан тарағаны белгілі болды. Жалпы, облыс бойынша 17 індет ошағы тіркелген. Ал сібір жарасы адамдар арасында тіркелмегенімен, республика бойынша 21 жағдай тіркеліп отыр. Оның ішінде балалар да бар, – деді Сәуле Слямғазина.
Аймақта бұл аурудың алдын алу мақсатында тұрақты түрде жұмыстар жүргізілуде. Биыл 385 адамға сібір жарасына қарсы вакцина салынған. Бұл жоспардың 62,8%-ын құрайды. Қазір облыста сібір жарасының 101 топырақ ошағы бар. Бұл аумақтарда шаруашылық жұмыстарын жүргізуге қатаң тыйым салынған.
Пікірлер