Салтанатты іс-шара барысында облыс дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталып, патриоттық рухтағы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
2022 жылы 29 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды. Бұл күн – ел бірлігі мен егемендіктің символы, ұлт рухын асқақтататын маңызды тарихи дата.
Кештің ресми бөлімі Мемлекеттік туды кіргізіп, Әнұран орындаудан басталды. Салтанатты жиында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жиналғандарды мерекемен құттықтап, еңбегімен ел дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа марапаттар табыстады.
– Құрметті жерлестер, баршаңызды ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осыдан 35 жыл бұрын 25 қазанда еліміздің егемендігі туралы декларация қабылданған еді. Бұл күн – Қазақстанның азаттық жолындағы жеңісін дәріптейтін айрықша дата. Бүгінде еліміз саяси және экономикалық тұрғыдан тұрақты дамып келе жатқан мемлекетке айналды. Мұның бәрі – халқымыздың бірлігі мен қажырлы еңбегінің жемісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Адал еңбек еткен адам құрметке лайық» деп атап өтті. Сондықтан береке мен бірлікті сақтап, ел дамуына үлес қосу – әр азаматтың борышы, – деді аймақ басшысы.
Осылайшк, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы Әлібек Қаңтарбаевқа берілді. «Парасат» орденімен облыстық аурухана іш және кеуде хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Марат Башабаев марапатталды. Ал «Құрмет» ордені «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Тарбағатай аудандық филиалының төрағасы Шәкенов Мырзақанға табысталды.
Сондай-ақ айтыс өнерінде ерекше танылған ақындарға да құрмет көрсетілді. Айтыс сахнасында «Айтыстың ақтаңгері» атағы ел бойынша тек тоғыз ақынға берілген. Солардың екеуі – шығыстың қос серісі Серік Құсанбаев пен Серік Қуанған. Жерлестерінің ыстық ықыласы ретінде ақын Серік Қуанғанұлына темір тұлпардың кілті табысталды. Ал ардагер ақын Серік Құсанбаевқа облыс жұртшылығы атынан 2 млн теңге көлемінде сыйақы берілді.
Сонымен қатар облыстың бас бапкері Қайрат Сатжановқа да өңір халқы атынан темір тұлпар сыйға тартылды.
Кеш соңы патриоттық рухтағы концерттік бағдарламаға ұласты. Өнерпаздар елдік пен бірлікті дәріптейтін ән-жырларын тарту етті.
«Инкоро» тобы Абайдың «Желсіз түнде жарық-ай» әнін орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Мерекелік кеш ел рухын көтеріп, тұрғындарға қуаныш пен мақтаныш сезімін сыйлады. Осылайша, Республика күні шығысқазақстандықтар үшін бірлік пен ынтымақтың, елдік пен еңбектің мерекесіне айналды.
Пікірлер