A+ A A-

talgatzhan 30 Кеше, 10:05 0

Тұрғындар түтінге тағы тұншықты: Өскеменде бірнеше күн бойы ауа сапасы ластанды

Бүгін / Басты / Өскемен / Өзекті мәселе

Облыс орталығында өткен аптада бірнеше күн бойы ауа сапасы ластанып, қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты екінші дәрежелі ескерту жарияланды. Тұрғындар қаланың түтінге оранып, далада жүрудің мүмкін еместігін айтып, дабыл қақты. Әлеуметтік желілерде азаматтар ауа сапасына қатысты өз алаңдаушылығын білдіріп, жағдайдың себеп-салдарын түсіндіруді талап етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Қалалықтар көмірді көп жағады»

ШҚО Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Әсет Сүлейменов Өскеменде күкірт диоксиді мөлшерінің шекті дәрежеден асқанын растады.

– Алғашқы күні мамандар өнеркәсіптік кәсіпорындардың санитарлық-қорғау аймағында болды, екінші күні тікелей кәсіпорындарға барды. Өлшеу нәтижелері бойынша ауада күкірт диоксиді мен күкіртсутегінің шекті мөлшерден асқаны анықталды. Мұның себебі – желдің болмауы, түнгі уақытта ауа температурасының күрт төмендеуі және таңертеңгі тұманның түзілуі, – деді Әсет Сүлейменов.

Кәсіпорындардағы шығарындылар көзін тексеру нәтижесінде заңбұзушылықтар анықталмады. Ірі өндіріс орындары белгіленген нормативтер шегінде жұмыс істеп отыр.

– Кәсіпорындар шығарындылар көлемін 30–40 пайызға азайту бойынша жедел шаралар қабылдады. Бұл – қол қойылған меморандумда қарастырылған талап, – деді ШҚО Экология департаменті басшысының мінедтін атқарушы.

Ал қала әкімі Алмат Ақышовтың сөзінше, ауа сапасының ластануына бірнеше себеп бар.

– Өскемендегі қазіргі жағдай бәріне белгілі, оның еш жасыратыны жоқ. Екі апта бойы жел соқпай, ауа сапасы күрт бұзылды. Мұндай жағдай 60 жылдан бері жалғасып келеді. Қазір қалада жер үй саны 36 мыңға жетті. Баспаналарды жылыту үшін көмір ғана пайдаланылады. Бұрын халық 120 мың тонна көмір тұтынса, қазір 250 мың тоннаға жеткен. Ал ЖЭО мен қазандықтар бұрын 1,6 млн тонна, қазір 1,83 млн тонна көмір жағып отыр. Мұның барлығы ауа сапасына әсер етеді, - деді шаһар басшысы.

Алмат Талғатұлы қордаланған мәселені шешудің бірнеше бағытын атап өтті. Оның ішінде зауыттардың жұмысын қадағалау, халықты қоғамдық көлікке көшіру бар.

– Алдағы уақытта электромобильдерге арналған қуаттау инфрақұрылымын дамыту жұмысы жалғасады. Бұл тұрғындарды бензинді қозғалтқыштан бас тартуға ынталандыруға бағытталған. Сондай-ақ мәселені шешудің тағы бір жолы – қоғамдық көлік желісін кеңейту және жаңа автобус бағыттарын ашу. Бұл Ертіс көпіріндегі көлік айрығының құрылысы аяқталғаннан кейін мүмкін болмақ, – деді Алмат Ақышов.

Ал пеш түтінінің мәселесін жеке секторды кезең-кезеңімен орталық жылу жүйесіне қосу арқылы шешуді көзделуде.

 

Оқушылар мектепке бара ма?

Экология мәселесі мектеп оқушыларының ата-аналарын да алаңдатты. Қала әкімдігі мен облыстық білім басқармасы 24 қазан күнгі сабақты онлайн форматқа ауыстыру туралы шешімге келді. ШҚО Білім басқармасының басшысы Қуат Оқасовтың айтуынша, сабақтарды тоқтату туралы шешімді білім бөлімдері ұсынады.

– Бөлімдер бізге ауа райы туралы ақпарат береді, біз сол шешіммен келісеміз. Кеше «Қазгидрометтен» 23 қазан сағат 20:00-ден 24 қазан сағат 20:00-ге дейін екінші деңгейлі қолайсыз метеожағдай болатыны туралы хабар алдық. Бұл ақпарат қала бөлімінің сабақтарды тоқтату туралы ұсыныс енгізуіне жеткілікті еді. Бірақ қала әкімдігі мен білім бөлімі арасында үйлесімді әрекет жоқ. Осы алгоритмді жетілдіреміз, – деді басқарма басшысы.

Әкім жүктеген тапсырма

Сейсенбі, яғни қазанның 28-і күні облыс әкімдігінде аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен экология мәселесі бойынша жиналыс өтті.

ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Арман Есентаевтың айтуынша, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында мониторинг жүйесі сатып алынбақ. Мемлекеттік сатып алу порталында құны 498,5 млн теңге болатын жүйені алу туралы хабарландыру жарияланған. Келісімшарт қол қою кезеңінде тұр.

– Экология департаментін мобильді зертханамен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапты. Бұл мақсатта «Халық банкі» АҚ мен «Топан» ЖШС арасында 17 шілдеде құны 65,5 млн теңге болатын арнайы жабдықталған ГАЗель базасындағы экологиялық мониторинг жүргізуге арналған жылжымалы станция сатып алуға келісімшарт жасалды. Қажетті төлемдер толық жүргізіліп, қазір станция жинақталу сатысында. Қараша айында Өскеменге жеткізіледі деп жоспарланып отыр, – деді Арман Есентаев.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2026-2028 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау мақсатындағы іс-шаралар жоспары әзірленген. Онда барлығы 27 шара қарастырылды.

– Қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде жедел шаралар қабылдау үшін тиісті жұмыс алгоритмін әзірлеу керек. Халыққа дер кезінде ақпарат таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив