Шаһар басшысы Алмат Ақышов мұзға қарсы құрал ретінде тұзды молынан пайдаланудан бас тарту туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
"Таза Өскемен" кәсіпорны өкілдерінің мәліметінше, алғашқы мұз пайда болғанда кей жерлерде тұз ерітіндісі қолданылды.
- Қала тұрғындарының өтініші бойынша биыл қолданылатын тұз мөлшері азайтылды. Тек қауіпті учаскелер мен өткелдерде ғана 30% тұз бен 70% құм қоспасы қолданылады, ал қаланың басқа аудандарында 100% құм қолданылады, - делінген әкімдік ақпаратында.
Осы ретте ҚазжолҒЗИ өкілдері Экология кодексінде топыраққа, өсімдіктерге және экожүйеге тигізетін зиянына байланысты мұзбен күресте ас тұзын пайдалануға тыйым салынғанын (238-баптың 9-тармағы) еске салады.
Ал ШҚО Экология департаментінде Өскеменде пайдаланылып жатқан тұздың ас тұзы емес екенін мәлім етті.
- 2023-2024 жылдары мамандар тұрғындар шағымынан кейін екі жоспардан тыс тексеру жүргізді. «Таза Өскемен» кәсіпорнының өнімнің сапа құжаты мен шығу тегі туралы сертификаты бар техникалық тұзды пайдаланғаны анықталды. Химиялық тұрғыдан алғанда техникалық тұздың құрамында 80-97% натрий хлориді бар. Ал ас тұзының құрамында 98%-дан астам натрий хлориді бар. Сондықтан техникалық тұз бен ас тұзы құрамындағы қоспалардың мөлшері бойынша ерекшеленеді, - делінген департамент мәліметінде.
Пікірлер