A+ A A-

talgatzhan 31 Бүгін, 09:50 0

Мерген мұғалім

Бүгін / Глубокое / Спорт

Глубокое кентінде тұратын қолданбалы өнер үйірмесінің жетекшісі Аяш Қабдоллаева бір жыл бұрын ғана садақ ата бастаған. Ал бүгінде ол Оңтүстік Кореяда өткен Әлем кубогінің жеңімпазы атанып отыр. Жуықта садақшы ұстазды әңгімеге тартып көрдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

- Садақ ату спортымен қашаннан бері айналысып келесіз?

- Бұл спорт түрімен шұғылданып келе жатқаныма 1 жыл ғана болды. Былтыр жаз кезінде бастағанмын. Келінім садақ алып келгенде бәрімізге қызық болып, қолымызға ұстап көрдік. Атып та көрдік, әрине. Бірақ алғашқыда жебелеріміз нысанаға тимей, жан-жаққа ұшты. Кейін үйрене бастадық.

 

- Не себепті осы спорт түрін таңдадыңыз?

- Негізі бала кезде ауылда ағаштан садақ жасап, ұлдардың арасында атып ойнайтынбыз. Бәлкім содан да болар, садақты көргенде бірден қызықтым. Күйеуім де, келінім де садақ атып жүргендіктен бір жағынан хобби ретінде айналысқым келді. Қолымыздан келеді екен. Бірақ оп-оңай болды деп айта алмаймын. Балаларға арналған садаққа қарағанда нағыз садақтың салмағы ауыр болады. Одан жебе атудан бөлек көтеріп ұстап тұрудың өзі жеңіл шаруа емес. Әрі нысанаға дөп тию үшін көздеуің керек. Қолың, иығың ауырады.

Сөйтіп, осы спорт түріне бет бұрып кеттік. Қорамсаққа қол салып, жебені зуылдатып атқанда ерекше сезімге бөленіп, қарбалас жұмыстан демалып, бір серпіліп қаласың.

 

- Жұмыс демекші, сіздің негізгі жұмысыңыз қандай?

- Глубокое кентіндегі О.Бөкей атындағы қазақ орта мектебінде 25 жыл бастауыш сынып мұғалімі болдым. Ал 2022 жылдан бастап Балалар шығармашылық үйінде «Атамұра» қолданбалы өнер үйірмесінің жетекшісі болып жұмыс істеп келемін. Балаларға жүн илетіп, тақия тігіп, сурет салдырып, қоржындар, сандықшалар жасауды үйретемін. Өзім шығармашылыққа жақын адам болғандықтан жұмысымды жақсы көремін. Апам қолөнер шебері болған. Ол кісі құрақ құрап, тоқыма тоқып, кесте тіккен. Сондықтан маған бұл қасиет қанмен берілген деп ойлаймын.

 

- Садақ атудан алғаш рет қандай жарысқа барып көрдіңіз?

- Жалпы садақты қолға ала салып атып кетемін деп ойлау – әбестік. Ол үшін тынбай еңбектеніп, үздіксіз жаттығу керек. Бір сәтте бірнеше әрекетті үйлестіре білуің қажет. Ол тұрған тұрысыңнан бастап көздеп атуыңа дейін. Мен күн сайын жаттығып жүрдім. Жұмыстан келген соң үй шаруасын бітіріп алып міндетті түрде далаға шығып, кем дегенде 2 сағат дайындалдым. Кейде тіпті қараңғы түскенге дейін 4-5 сағат садақ ататынмын. Жұбайым нысаналар жасап қойған. Соларды 50, 60 метрге қойып атып, мергендігімді шыңдай бердім.

Алғашқы жарысым былтыр жаз кезінде болды. Жыл сайын облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы аудандар арасында халықтық спорт ойындарын өткізеді. Сондағы садақ атудан жұптық жарысқа жұбайым екеуіміз қатысып, бірінші орын алдық. Содан барып жекелей сындарға түсе бастадым. Әуелі кішігірімнен бастап, кейін облыстық додаларда бақ сынадым. Шығыс Қазақстанның чемпионы атанған соң республикалық жарыстарға бет бұрдым. Биыл «Ақ бидай» турнирінде жеңімпаз болғаннан кейін алғаш рет әлемдік деңгейдегі жарысқа баруға бел будым. Осылайша, Оңтүстік Кореяның Ульсан қаласындағы Әлем кубогінде «Мишень жамбы» жеке сынағында 130-дан астам спортшының арасынан бірінші орын алу бұйырды.

 

- Сол Әлем кубогі қандай деңгейде өтті?

- Халықаралық жарысқа әлемнің әр түкпірінен 537 спортшы келді. Бәрі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Осы 500-ден астам адамды бір сәтте бірнеше нысана бойынша тұрғызып атқызды. Әр қатысушының орны, уақыты алдын ала есептеліп, бекітіліп қойған. Сондықтан жарыста у-шу, дау-дамай болмады.

 

- Шешуші сәтте уайым болды ма?

- Бір жыл үзбей дайындалғанның арқасында осындай нәтижеге қол жеткізе алдым. Бірақ әлбетте уайым деген болады. Сол қобалжуды дер кезінде тізгіндеп отырсаң ғана жеңіске жете аласың.

 

- Сіз үшін ең есте қалған жарыс сәті қайсы?

- Финал кезі. Екі адам шығып бірінші орынға таластық. Соңғы меже, шешуші сәт. 3 раунд 5 оқтан атамыз. Барлық ойым – жамбыға оқ тигізу болып тұрғандықтан ба үшінші раундтың біткенін аңдамай да қалыппын. Әр раундтан соң оқ жинауға барамыз. Тағы да атамын деп ойлап, оқ жинауға бара жатсам артымнан бапкерім айқайлады. Сөйтсем, жарыс бітіп, жеңімпаз атанған екенмін. Бұл мен үшін қызық жайт болды. Ең есте қалған осы сәт шығар.

 

- Шәкірттеріңізге спорт пен шығармашылықты үйлестіру жөнінде қандай кеңес берер едіңіз?

- Тек бір дүниемен айналыспай, өздерін әр бағытта сынап көрсе деймін. Адам қызықса бәріне уақыт табуға болады. Ең бастысы, еріншектікті жеңу керек. Шығармашылықтан бөлек, спорттың бірнеше түрімен шұғылданып, арасынан ұнайтынын таңдап алады. Ата-аналарға да үнемі «балаларыңызды жан-жақты қылып дамытыңыздар» деп айтып келемін. Баланың жақсы қасиеттері, ерекше қабілеттері сонда ашылады.

 

- Садақ ату спортының адамға берер пайдасы қандай?

- Пайдасы ұшан-теңіз. Ең әуелі шыдамдылыққа үйретеді. Өйткені шыдамсыздар садақ атуды меңгере алмай, жарты жолда тастап кетеді. Содан соң көзге пайдалы. Себебі нысанаға алыстан көздеп атамыз. Садақ ату - тек көру қабілетіңе ғана емес, барлық денеңе жаттығу. Кейбіреулер садақты ұстап, тартып, жебені атсаң болды деп ойлайтын шығар. 60 метрден атқанда оқтарды қайта-қайта жинағанда аяғың да талады.

Бұл спорт түрі балалардың мінезін де жөндейді дер едім. Психологиялық тұрғыда шыңдалып, салмақтырақ бола түседі.

 

- Әңгімеңізге көп рахмет!

 

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив