
Самар ауданында биыл 1500-ден астам адам жұмыспен қамтылды
Самар ауданы соңғы тоғыз айда барлық салада тұрақты өсім мен оң нәтижелерге қол жеткізді. Өңдеу өнеркәсібінен бастап туризм мен әлеуметтік бағыттарға дейін айтарлықтай ілгерілеу байқалады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте аудан әкімі Серік Жеңісов мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қанша адам жұмыспен қамтылды?
Биылғы жылдың қаңтар–қыркүйек айларында өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамып, өндірілген өнім көлемі 1 464,3 млн теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 185,7 %-ға көп.
– Ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі 5 494,7 млн теңгеге жетіп, 159 %-дық өсімге қол жеткізілді. Негізгі капиталға тартылған жеке инвестициялар 5 504,4 млн теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда 116,5 %-ға артық.
Бөлшек сауда айналымы 3 181,5 млн теңгені құрап, тұрақты өсім көрсетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 937 бірлікке жетіп, 1 570-тен астам адам жұмыспен қамтылған, – деді Серік Жеңісов.
Ауыл шаруашылығында да оң динамика байқалуда. Самар ауылындағы Ешкібай су қоймасы арқылы суармалы жерлер пайдаланылады. Қазіргі таңда 500 гектар жер суарылады, ал мелиорациялық шаралар нәтижесінде бұл көлем 582 гектарға дейін ұлғаяды.
Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне 355 өтінім бойынша 347,5 млн теңге субсидия берілді. Оның ішінде тұқым шаруашылығын дамытуға – 173,6 млн теңге, минералды тыңайтқыштарға – 85,1 млн теңге, пестицидтерге – 88,8 млн теңге бағытталды.
Сонымен қатар Аграрлық несие корпорациясы арқылы 16 өтінімге 572,2 млн теңге қаржы берілсе, туризм бағытындағы 12 жоба бойынша 195,5 млн теңге несие бөлінді.
Сарыбелде қонақүй салынады
2025 жылдың жазында Самар жағалауына 50 мыңға жуық турист келді. Аудан әкімі 2030 жылға қарай туристер санын жылына 150 мың адамға дейін арттыру жоспарланғанын айтты.
– Самар ауданы – өңірдегі жағажай туризмінің негізгі орталықтарының бірі. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасы бойынша Бұқтырма су қоймасы жағалауында заманауи серуен аймағының жобасы әзірленуде. Келесі көктемде Сарыбелде жаңа қонақүй құрылысы басталады. Бұл мақсатта біз “Pana Asia” компаниясымен меморандумға қол қойдық. Жобаның құны шамамен 1,5–2 млрд теңге, – деді Серік Жеңісов.
Оның айтуынша, көпшіліктің қызығушылығын тудырған «Одесса» паромы өз жұмысын жалғастырады.
– Бұл паром Самар ауданын Үлкен Нарын және Қатонқарағай аудандарымен байланыстырады. Бұрын бұл бағытпен Күршім, Тарбағатай, Марқакөлдің тұрғындары қатынаған. Биыл Атыраудан келген туристердің де қызығушылық танытқанын көрдік. Олар “10 000 теңге болса да, пароммен жүруге дайынбыз” деді. Демек, паромды туристік нысан ретінде дамытуға толық мүмкіндік бар, – деді әкім.
Егер жоспар ойдағыдай жүзеге асса, келесі жылы Самар жағалауындағы демалушылар туристік паром арқылы көрші аудандарға саяхат жасауға мүмкіндік алады.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 364,6 млн теңгеге 5 жоба іске асырылуда. Самар ауылында жолдар мен көшелер жарықтандырылуда, Көкжота мен Көкжыра ауылдарында жолдар жөнделіп жатыр.
«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 14 екіпәтерлі үйдің (28 пәтер) құрылысы аяқталуда. Сондай-ақ 22 пәтерлі тұрғын үй реконструкциясы да аяқталуға жақын.
Ауыз сумен қамту деңгейі 82%, сумен жабдықтау жобаларына 512,4 млн теңге бағытталды. Ауданның интернетпен қамтылуы 94%-ға жетті.
– Палатцы және Раздольное ауылдарында байланыс желілерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Мәдениет пен спорт саласына 222,3 млн теңге бөлінді.
Жұмба ауылында 201,3 млн теңгеге спорттық-әкімшілік орталық салынып жатыр, – деді аудан басшысы.
Көкжыра мен Қойтасқа көңіл бөліне ме?
Әлеуметтік бағытта жұмыспен қамту және халықты қолдау шаралары жүйелі түрде жүргізіліп жатқан көрінеді. Тоғыз айда 209 жұмыссыз адам тіркеліп, 298 адам жұмыспен қамтылды. Соның ішінде 193 адам тұрақты, 191 адам субсидияланатын жұмысқа орналасты.
– Әлеуметтік осал топтарға 12 грант (18,9 млн теңге) берілді. 61 отбасы (391 адам) мекенжайлық әлеуметтік көмек алды. Биыл 8 әлеуметтік нысан бейімделіп, оның 2-уі толық аяқталды. Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 135 қарт және мүмкіндігі шектеулі азамат көмек алуда, – деді аудан басшысы.
Білім беру саласында 1,3 млрд теңгеге 150 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. «Мектеп-балабақша кешені» КММ-де спорт блогы мен жатақхана салынып жатыр. Денсаулық сақтау саласында аудандық ауруханада лифт жөнделіп, Миролюбовка ауылында 196,3 млн теңгеге фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы жалғасуда.
Брифинг соңында аудан тұрғындарын толғандырып жүрген кейбір өзекті мәселелер де қозғалды. Соның ішінде Қойтас ауылына кіреберіс 10 шақырым жолдың күрделі жөндеуді қажет ететіні жиі айтылып жүр. Бұл жол әсіресе көктем мен күз айларында тұрғындар үшін қолайсыздық туғызатыны белгілі.
– Қойтас ауылында қазір 13 үй қалды. Ол жерде ГОК (тау-кен өндіру комбинаты) бар. Олар былтыр жазда жұмыс істеп, қыста жабылып қалатын. Биыл олар 12 айлық жұмысқа көшіп отыр. Біз сол компаниямен жылына 2 рет жөндеу жұмыстарын жүрізу бойынша келістік. Тұрғындарға асфальт болмайды деп бірден айттым. Оған үлкен қаражат керек. Олар келісті, – деді аудан әкімі Серік Жеңісов.
Сондай-ақ, Көкжыра ауылынан Ертіс өзеніне шығаберістегі көпір мәселесі де назардан тыс қалмады. Ауыл тұрғындарының айтуынша, көпірді көктем сайын су шайып кетіп, оны өз күштерімен жөндеуге мәжбүр болып келеді.
– Біз биыл оларға күрделі жөндеу жасаймыз деп ойлағанбыз. Бірақ та ол көпірлерге қаражат бөлінбеген, яғни баланста жоқ екен. Құлынжон, Миролюбовка, Палатцы ауылдық округінің әкімдеріне тапсырма берілді. Ол жерде еш қиындық жоқ, 3 млн теңге ғана керек. Бірақ баланста болмағандықтан сол 3 млн теңгені жібере алмаймыз. Келесі жылы ақша бөлінсе, соны алып, жөндеу жұмыстарын жасаймыз, – деді аудан әкімі Серік Жеңісов.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер