18 қарашада Кожохово ауылының 75 жастағы тұрғыны аудандық полиция бөліміне хабарласып, көршісінің ұзақ уақыт бойы есікті ашпағанын айтқан, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері дереу жетті. Жағдайды бақылап, әйелдің өмірі мен денсаулығына төнетін қауіпті ескере отырып, аудандық полиция қызметкері Шерхан Кеңесбек құтқарушылар келгенге дейін пәтерге терезе арқылы кіруді шешті. Ол пәтердің ішінде 56 жастағы әйелді еденде ес-түссіз жатқан күйінде тапты. Қызметкер алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оның есін жиғызды. Әйел өз бетінше қозғала алмағандықтан, аудандық полиция қызметкерлері майор Азамат Түгелов пен лейтенант Шерхан Кеңесбек жедел жәрдем шақырып, оны медицина қызметкерлеріне тапсырды.
Полиция қызметкерлерінің жедел әрекеті мен кәсібилігінің арқасында олар уақтылы көмек көрсетіп, қарт әйелдің өмірін сақтап қалды.
Пікірлер